"Достарым" - ұзақ уақыт назардан тыс қалған ән

"Достарым" - ұзақ уақыт назардан тыс қалған ән

Қазақтың жез таңдай, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші қыздарының бірі Жанар Айжанованың орындауындағы «Достарым» әні жарыққа шыққан бойда көпшіліктің көңілінен шығып, әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие. Бұл әнді сазгер Оралхан Көшеров, ал мәтінін ақын Хасен Закариянов жазған.

«Достарым» арнайы тапсырыспен я болмаса әншінің жаңа әнге қажеттілігінен туылған ән емес. Бұл ән дүниеге келгенменен, біраз уақыт сандықта шаң басып жатып қалған. Ел арасында ғана аз-маз айтылып жүргенменен, қалың жұртшылыққа аса танылмаған.

Күндердің күнінде Жанар Айжанова «Достарым» әнін шағын отырыстардың бірінде қарапайым халық аузынан естіп, дереу ән жайлы мағлұмат сұрастырады. Әннің авторын білген бойда сазгер Оралхан Көшеровты іздестіріп, алдына барады. Ол өте қарапайым, ақ пейілді, қолы ашық жан екен. Әнге құда түсіп келген әншіге сазгер: «Әнді елге жеткізіп берсең болғаны» деп ақы сұрамастан береді. Әншінің орындауындағы әнді өнерсүйер қауым жылы қабылдап, ол танымалдылардың қатарынан көріне бастайды. Осылай әнші әннің, ән әншінің бағын ашады. Себебі, әнші сол мезеттерде сахнадан аса көрінбей жүрген еді. «Достарым» болса, әншіні көрермендермен қайта қауыштыруға жол ашты. Жанар Айжанова 2000 жылдың наурызында «Достарым» атты жеке шығармашылық кешін өткізеді.

«Достарым»

Әнін жазған: Оралхан Көшеров

Сөзін жазған: Хасен Закариянов

Орындайтын: Жанар Айжанова

 

Толтыра біліп көңілдің отын, достарым,
Қатемді түзеп, жол тапсам дұрыс қостадың.
Қиналған шақта бөлісіп жүрек жылуын,
Жүріңдер сендер қолықтан демеп, достарым.

Қайырмасы:

Жабыққан сәтте қас қағым
Жанынды ұғар басқа кім?
Жаңа бір әуен бастадым,
Сендерге арнап, достарым!

Сағыныш толы кеудені кернеп жыр көшкін,
Достықтың келдім сазына ән мен үн қосқым.
Өтермін мынау өлшеулі ғана тірліктен,
Биіктен сайлап орнын адал шын достың.

Қайырмасы:

Жабыққан сәтте қас қағым
Жанынды ұғар басқа кім?
Жаңа бір әуен бастадым,
Сендерге арнап, достарым!

Десек те қашан баянсыз достан түңіл деп,
Қаншама арзан мінезге куә жұмыр жер.
Асылдар аз ба жаныңды қияр дос үшін?!
Соларға, тағдыр, өкінбей өтер ғұмыр бер.

Қайырмасы:

Жабыққан сәтте қас қағым
Жанынды ұғар басқа кім?
Жаңа бір әуен бастадым,
Сендерге арнап, достарым!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: mail.ru

Ғ. Ұзақ