Джордж Майкл — атақты британиялық әнші, ақын әрі композитор. Дара жолында және Wham! дуэтімен өткерген музыкалық мансабында 100 миллионнан астам альбомы сатылып, ең танымал поп-жұлдыздар қатарына енді.
Джордж Майкл 25 желтоқсан күні 53 жасында өмірден өтті. Екі мәрте «Грэмми» сыйлығын иеленген музыкант тек жеке орындауымен ғана емес, көптеген жарасымды дуэттерімен де тыңдарман жүрегінен өшпес орын алды. Солардың бір қатарын есімізге алып, сүйікті әндерімізді тыңдай отырайық.
«I Knew You Were Waiting (For Me)» – Арета Франклинмен
Бұл ән Wham! дуэті тарағаннан кейін бір жылдан соң, яғни, 1987 жылы танымал болды. Әнді Арета Франклинмен бірлесе орындау арқылы Джордж, біріншіден, сүйікті орындаушысымен бір сахнада тұру мүмкіндігіне ие болса, екіншіден, Wham! дуэтіндегі мансабынан кейін, өнерге жеке әнші ретінде қайта аяқ басқанын көрсетті. Нәтижесінде «I Knew You Were Waiting (For Me)» UK Singles Chart аталатын британиялық чартта ғана емес, Billboard хит-шеруінде де топ-100 тізімінде бірінші орыннан көрінді. «Үздік R&B-дуэт» номинациясы бойынша ең беделді сыйақы саналатын «Грэмми» сыйлығын иеленді.
«Don’t Let The Sun Go Down On Me» – Элтон Джонмен
Элтон Джон «Don’t Let The Sun Go Down On Me» әнін 1974 жылы жазды. Оны алғаш рет 1985 жылы Live Aid фестивалінде Джордж Майклмен бірге орындап шықты. Ал, 1991 жылы Уэмбли стадионында өткен Джордж Майклдың шоуында әнді тағы бір мәрте бірге орындаған еді. Аталмыш туындының жанды дауыста орындалған нұсқасы британиялық және америкалық чарттардың алғашқы орындарынан бой көрсетті.
«Somebody To Love» – Queen тобымен
Джордж Майкл Queen тобының өнеріне табынушылардың бірі еді. Ол жасөспірім кезінде Queen тобының әндерін лондондық жертөрелерде орындаған, кейін есейген шағында аңыз-тұлға Фредди Меркьюримен достық қатынаста болды. Фредди Меркьюри соңғы сұхбаттарының бірінде Джордждың музыкасын ұнататынын, әсіресе, «Faith» әнін сүйсіне тыңдайтынын айтқан. 1992 жылы Фредди өмірден өткеннен бір жылдан кейін Уэмбли стадионында оны еске алу кеші өтті. Сол кеште Джордж Майкл Queen тобының музыканттарымен бірге «Somebody To Love», «39», «These Are the Days of Our Lives» сынды хит әндерді орындады. Солардың ішінде «Somebody To Love» композициясы «сол кеште үздік орындалған ән» атанды. Ән «Five Live» синглына енді, ал шоудан кейін Майкл Queen тобында Меркьюридің орнына өнер көрсететін болады деген алып-қашпа сөздер де жүрген-ді.
«If I Told You That» – Уитни Хьюстонмен
«As» – Мэри Джей Блайджбен
«Heal The Pain» – Пол Маккартнимен
«Heal The Pain» әнін Джордж Майкл 1991 жылы жазды. Ал, 2005 жылы туындыны ұлы музыкант Пол Маккартнимен бірлесе жазды. Кейін, ол Джордждың «Twenty Five» аталатын әндер топтамасына енді. Сол жылы Джордж Майкл мен Пол Маккартни Лондонның Гайд-паркінде өткен Live 8 концертінде The Beatles тобының «Drive My Car» әнін орындады.
«If I Were A Boy» – Бейонсемен
«If I Were a Boy» әні Бейонсеге арналып жазылған. Ол 2008 жылы шыққан Бейонсенің «I Am... Sasha Fierce» аталатын үшінші студиялық альбомына енді. 2009 жылы концерттердің бірінде Бейонсе осы әнді орындап жатқан жерінен оған Джордж Майкл қосыла кеткен еді. Жиылған қауымның қуанышында шек болмады.