Қытайда өткен "Singer" байқауында жұлдызы жанған отандасымыз, талантты әнші Димаш Құдайбергеннің туған күні 24 мамыр күні екенін барша тыңдарман қауым біледі. Осыған орай әншінің жанкүйерлері (Dears) кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жанкүйерлер өздерінің сүйікті әншісіне небір тосынсыйлар жасауға дайындығын бастап та кетті. Димаш та құр алақан емес. "Ол осы кездесуге арнайы жаңа әндер жазып дайындау үстінде", - деп қытайлық сайттар жазды. Сонымен бірге әнші жақында инстаграм парақшасына: "Көңіл-күйлеріңіз қалай, Dears?! Жаңа туындыларыммен таныстыруға асықпын!!! Жағымды жаңалықтар көп болсын!!! Жақсы көремін!", - деп жазған еді. Бұл да осы әңгіменің шет жағасын ашуы деп түсіндік.
Димаштың ресми өкілі әрі жан досы Алпамыс Шаримов бұл туралы кеше ғана инстаграм парақшасына: "Димаштың туған күні – тұңғыш ресми әлемдік фан-кездесу — Бейжің қаласында!", - деп жазды.
Қытай елінде ерекше танымалдыққа ие болған отандасымыздың қытайлық жанкүйерлері бұл күнді асыға күтіп жүр. Олар сүйікті әншілерінің туған күнін естен кетпестей етіп тойлап, ерекше тосынсыйларымен қуантатыны айдан анық. Жанкүйерлердің не сыйлайтыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Димаш 14 мамырда Гуанчжоу қаласында музыкалық концертте өнер көрсетеді. Францияның "Les Annees Bonheur" бағдарламасында ән шырқады. Әлемдік өнер жұлдыздары бір саxнада тоғысқан аталмыш кеш 6 мамыр күні өтеді.