Димаштың қазақ жанкүйерлері қытай жанкүйерлерінің ренішіне жауап берді

Димаштың қазақ жанкүйерлері қытай жанкүйерлерінің ренішіне жауап берді
Фото: http://bnews.kz, instagram.com

Аспандағы жұлдызға Димаштың есімін берген қытайлық жанкүйерлер қазақ жанкүйерлеріне өкпесін білдірген еді. Олар Димаштың елге оралғанына бір апта өтсе де, әнші туралы жан-жақты жаңалықтар шықпады, қазақстандық жанкүйерлер белсенділік танытпады, Димаштың қайда, не істеп жүргенін білмей хабарсыз қалдық» деп ренжіген. «Димаштың Қытайда тағы біраз қалғаны дұрыс еді» деген форум ашып, реніштерін жазған жанкүйерлер: «Димаш елге оралғанда мемлекеттік деңгейде жақсы қарсы алып еді, бірақ одан кейін бір апта өтті, еш хабар жоқ... Қазақстанда Димаштың жүріс-тұрысы, киімі, танылуы, имиджімен айналысатын команда жоқ секілді. Бар болса да, Қытайдағыдай болмайтын тәрізді», – деп өз ойларын білдірген. Осыған орай Massaget.kz порталы Димаш Құдайбергеннің менеджері Алпамыс Шәрімовке хабарласты. Алпамыс бұдан хабарсыз екенін айтып, "Бұл мәселе бойынша ештеңе айта алмаймын, Димаш қазір алдағы жеке концертіне қызу дайындық жасап жатыр," – деп жауап берді. 

Димаштың Қазақстанда бірнеше фан-тобы бар. Соның бірі аталған жағдайға өз пікірін былай деп білдірген:

"Біріншіден, қазақстандық Dears-тар да қытайлықтар секілді күні-түні үйінің маңын торуылдап, əн шырқап, түрлі сыйлық ұсынып, т.б. ерекше нәрселер жасай алады... Екіншіден, қазақ халқы өнерді сыйлайтын, құрметтейтін ел, 4 айға жуық уақытын Қытайда өткізген Димашымыз " I am singer" жобасынан жеңіспен елге оралды жəне де Димашты қазақстандықтар кең пейілмен, ықыласпен күтіп алды. 14 турға созылған "I am singer" жобасы демалыссыз дайындықты қажет етті, одан бөлек түрлі-түрлі жобаларға шақырту алды. Бұның барлығына Димаш көп күш жұмсады. Қиын күндер артта қалды... Ендігі уақытта Димашқа демалыс қажет! Қазақстандық Dears- тар Димашқа көп демалыстың қажет екендігін, оған қоса "Димаш шақырады" атты жеке əн кешіне үлкен дайындықтың керектігін де түсінеді. Сондықтан да қазақстандық Dears-тар Димашты мезгілсіз мазаламауды, оған түсіністікпен қарауды жөн көріп отыр. Оны Димаштың өзі де түсініп отыр деп ойлаймыз! Оған қазір тыңғылықты демалып алу қажет! Біз əрқашан да Димашты шын жүрегімізбен қолдаймыз және солай қала береді!". 

Р. Роза