Бүгінгі таңда Қытайда ерекше танымалдылыққа ие болып, қалың жұртшылықтың жүрегін жаулап үлгерген отандасымыз Димаш Құдайбергеновтың есімі аталса елең етпейтін жан жоқ. Ол "I am singer" тележобасынан бөлек бірнеше бағдарламаларға шақырту алды. Қытайдың белгілі жарнама компаниялары Димашқа қызығушылық танытты. Шанхайда Димаш қатысқан Swiss пен Ferrari компаниялары ұйымдастырған шараны тікелей эфирден 54 миллионнан аса адам тамашалап, компания өз тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен.
Жуырда ғана Димаш Battle of Memories фильмінің саундтрегін орындағаны туралы хабар тараған еді. Бұл туралы әншінің PR-менеджері Алпамыс Шаримов өзінің инстаграм парақшасында мәлім етті. Саундтрек бүгін Қытайдың weibo.com порталына шықты.
"Құбыжықпен айқасушы өзі құбыжыққа айналып кетуден сақтансын. Егер тұңғиық шыңырауға үңілсең, тұңғиық шыңырау саған да келіп тіреледі".
Фридрих Ницще
Battle of Memories фильмі Лесте Чен режиссерлік ететін ғылыми фантастикалық криминал триллер. Басты рөлдерде Хуан Бо, Ксу Джингли, Дуань Йихонг, Ян Зишань және Энн Хсу ойнайды. Бұл фильм Қытайда биылғы жылдың 28 сәуір күні жарыққа шығады деп жоспарланған. Саундтректің көрсетілімі ертең, 6-сәуір күні Пекин қаласында өтеді.