Бүгін – өзінің тамылжыған даусымен миллиондаған жұртшылықты аузына қаратқан, қазақтың атын айдай әлемге паш еткен талантты әнші Димаш Құдайбергеннің туған күні. Әншінің туған күнімен жан-жақтан мыңдаған, миллиондаған адамдар құттықтау жаудырып жатыр.
Әйгілі француз әншісі Лара Фабиан мен голливудтың танымал актрисасы Ева Лонгория қазақ баласын туған күнімен құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді. Тіпті, Лара Фабиан "Happy Birthday to you" әнін орындап берді. Құттықтаулар легі мұнымен тоқтап қалмасы анық.
Димаштың ең жақын адамдары әкесі Қанат Айтбаев пен ең жақын досы Алпамыс Шаримов әлеуметтік желіде жүрекжарды тілектерін арнады. Дос тілегі қашанда бөлек, ал әке тілегі тіпті ерекше деуге болады. Себебі, әке балаға әрдайым тілекші екені белгілі.
Әкесі ұлын былай деп құттықтады: "Димаш, сен өмірге келген мамыражай мамырдың шуақты күні, ата-анамның "ұлды болдық!" деп шаттанып, ұлан-асыр той жасағаны, қуаныш үстінде:
"Балапаным!
Ата-анамның əлдиісің!
Алып ұшқан көңілімнің əн-күйісің!
Шат күлкімен өмірге адым баса ғой!
Бақытыңның шектелмесін мөлшері, жүрегімнің кіп-кішкентай бөлшегі!" деп əн арнағаным – күні кешегідей көз алдымда...
Бəріміздің махаббатымызға бөленіп өстің. Əсіресе папамыз бен мамамыздың өзіңе деген сезімі ерекше болатын! Əлі күнге солай – төбеңнен құс ұшырмайды! Мамамыз басыңнан сипап отырып "менің құлыным бойы ұзын, ойы биік, арманы асқақ, жүрегі жұмсақ, мейірімді азамат болып өседі" деп айналып, толғанушы еді.
Сен ақылды азамат боп ержеттің.
Өмір – бұралаңды соқпақтардан, даңғыл жолдардан, жабысқақ батпақтардан, мөлдір айдындардан тұратын күрделі əлем... Əр адам өмірге өз терезесінен қарайды. Біреудің терезесі кіршіксіз таза – ол əлемнің бəрін əдемі етіп көреді, ал бір адамдар айналаға жуылмаған кір терезесінен қарайды...
Өмірде қандай адамды кезіктірсең де бойынан жақсылық іздеуге тырыс, қуаныш сыйлауға тырыс! Терезелердің тазаруына көмектес... Бүгін туған күнің! Отбасымыз үшін қуанышты күн. Өмірің мəнді де сəнді, ғұмырың ұзақ, бақытты болсын, Диконым!"
Ал, әншінің ең жақын досы әрі PR-директоры Алпамыс: "Адамдардың бір-бірімен бірге болуының өзі біреулер үшін "көреалмаушылықпен" теңдеседі екен. Біздің достығымыздың арасына түспек болып, батылсынғандарға болмадық! Көп қиын да, қызықты шақтарды басымыздан бірге өткіздік! Ешкім білмейтін сырларымыз, ешкімге айтпаған қызықты оқиғаларымыз – екеуміздің достығымыздың айнасы!
Жан досым, саған әлемдегі бар жақсылықты тілеймін! Менің өмірім – сенің өмірің! Сенің әр қуанышың – менің қуанышым! Сендегі әр қиындық – менің қиындығым!.. Керейдің қасындағы Жәнібектей, Исатайдың қасындағы Маxамбеттей ағалық-бауырлық қарым-қатынасымыз берік бола түссін! Сендей бауырым, досым барына бақыттымын! Папа-маманың, Қанат ағам мен Света апамның, Раушантай мен Мансурдың үлкен үміті, мақтанышысың! Қаншама сенің өнеріңе бас иген миллиардтарға – үлгісің!
24 мамыр ӘЛЕМ тариxында ҚҰДАЙБЕРГЕН ДІНМҰХАММЕД есімді батырдың дүниеге келген күнімен есте қалады! Бұл күн – музыка әлемі үшін ерекше күн, бұл күн – өнерді түсінетіндер үшін Ұлы күн!!! Туған күніңмен, Жан досым!!!" – деп жазды өзінің инстаграм парақшасына.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Бейжің қаласында тұңғыш ресми әлемдік фан-кездесу өтеді. Массагет порталы Димашты бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, шығармашылығына толағай табыстар тілейді.