- Негізгі бет
- Музыка
- Димаш орындаған "Самалтау"...
Димаш орындаған "Самалтау" әні туралы не білеміз?
Димаш Құдайберген Қытайдың Фучжоу қаласында өткен VI халықаралық "Жібек жолы" кинофестивалінің жабылу салтанатында қазақтың халық әні "Самалтауды" орындады.
Әнге заманауи өңдеу жасалып, қобызбен сүйемелденген. Желі қолданушылары Димаш Құдайбергеннің орындауына да, "Самалтау" әніне де тәнті болғанын жазып жатыр.
Ән 1916 жылғы оқиғалармен байланысты. 1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасы ІІ Николайдың "Реквизициялау туралы" жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі "бұратана халықтардан" 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді. Ән мылтықтың дүмімен, зорлықтың күшімен кетіп бара жатқан бозбаланың сол сәттегі күйін бейнелейді.
Самал тау, қайран елім (өскен елім), шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен қайран жерім (туған елім)
Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес күндей (сөтке) жүргенде,
Омбы жаққа таяумыз.
Жасым бар қос мүшелдей, жылым – сиыр
Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр
Самал тау, қайран жерім (елім) артта қалды
Адасқан өрісінен біз бір үйір
Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес күндей (сөтке) жүргенде,
Омбы жаққа таяумыз.
Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді,
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді...
Азаттық радиосы сайтында қазақ халқының дәстүрлі әндерін орындайтын әнші Ерлан Төлеутай бұл туындының авторы беймәлім екенін айтады.
– Әннің мәтініне, айтылу ерекшелігіне қарап, Арқа жақта туған ән екенін байқауға болады. Бірақ қанша ізденгеніммен әнде айтылатын "Самалтау" деген жерді таппадым. Жердің де аты ұмытылып кеткен болуы керек. Тіпті осыны шығарған әншінің өзі де сол кеткеннен қайтып оралмаған болу керек, – дейді ол.
Massaget.kz