Танымал қазақстандық дирижер, музыкант әрі композитор Абзал Мұхитдинов қазақ музыкасының еліміз Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ әлемдік музыка мәдениетінде өз орнын тапқандығына сенімді. Сонымен қатар ол сұхбатында шетелдік табынушылардың қазақстандық әртістерді неліктен қызметтік кіре берістен торуылдап жүретіндігін және Димаш Құдайберген музыкадағы қандай бағыттың негізін қалаушы бола алатындығын айтып берді.
- Абзал Мирасбекұлы, сіз Қазақстанда да, шетелде де өнер көрсетесіз. Жалпы әлемде қазақ музыкасы мен қазақстандық орындаушыларды қалай қабылдайды?
- Қазақ музыкасы баяғыдан-ақ шетелде танылып үлгерген. 1925 жылы өзінің ерекше дауысымен Әміре Қашаубаев Парижді тамсандырған болатын. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі де өз үлесін қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес одағының даңқты әртістері мен педагогтерінің Қазақстанға қоныс аударылуы ұлттық кәсіби композиторлар мектебін қалыптастыруға ықпал ету арқылы кәсіби музыкалық өнерімізді шырқау биікке шығарды. Олар: Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, кейінірек Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Тілес Қажғалиев және тағы да басқалалары. «Темір шымылдық» алынғаннан кейін сөйлесуге, ынтымақтасуға, халықаралық фестивальдерге баруға жол ашылды. Қазақтың кәсіби музыкасының танымалдылығы арта түсті. Дирижер ретінде шетелде музыкамызды насихаттау жаныма ләззат сыйлайды. Айта кетерлігі, шетелдік тыңдаушыларға партитурада ұлттық аспаптар ойналатын фольклор мен классиканың синтезі барынша қызықты. Мәселен, Роттердамда (Нидерланды) біз Төлеген Мұхамеджановтың музыкасын домбыра, қыл қобыз және оркестрде орындаған кезімізде олар барынша терең сезімге бөленді. Оны тыңдаушылардың жанарынан аққан жастан-ақ байқауға болады.
- Қазақ әртістері шетелдік классикалық туындыларды орындап жатады. Ал ол шетелдік тыңдарманды қызықтыра ма?
- Шын мәнінде бізде зор танымалдыққа ие болған жұлдыздар бар. Мәселен, опера теноры Медет Шотабаев. Ол айрықша дауыс иесі. Итальяндық бойжеткендердің одан қолтаңба алуы үшін соңынан жүгіргенін де естіген едім. Әлемдік деңгейдегі өнер майталманы скрипкашы Марат Бисенғалиев бар. Карл Дженкинс сынды қазіргі заманымыздың үздік композиторлары шығармашылық ынтымақтастықта жүріп ол қазақ музыкасына негізделген симфониялар мен концерттерді дүниеге әкелді. Қазақтың атын әлемге танытып жүрген өнер жұлдыздары легін Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Ержан Құлыбаев, Теміржан Ержанов, Әмір Тебенихин деп жалғастыра беруге болады.
- Димаш Құдайбергеннің Қытайдың музыкалық байқауындағы өнеріне қандай баға берер едіңіз?
- Димаш Құдайберген өте кәсіби музыкант. Мен оны баяғыдан бері сырттай бақылап келемін. «Жас қанат» байқауы төрешілерінің қатарында болғанымда Гран-приді соған беру керек деп дауыс берген едім. Сол кезде-ақ жас таланттың өзін өзі дұрыс дамыта алса, алысқа баратындығы белгілі болатын. Әзірше, оның дұрыс бағытта дамып келе жатқандығын айта аламын. Ол бір орында тұрып қалған жоқ, өзін танытудың жаңа жолдарын іздеуде, репертуары да ұлғая түсуде. Ол кәсіби музыкант болуымен қатар өте мәдениетті адам, білімі де жақсы. Нота білу сауаты да керемет, домбырада, фортепианода тамаша ойнап, өзі де музыка жазады. Өзін кәсіби музыкантпын деп санайтын кейбір эстрада жұлдыздарының нота білу сауаты өкінішке орай Димаштың қасында жіп есе алмай қалады.
- Сіздіңше, Димашқа театр сахнасында әлде эстрада жанрында өнер көрсеткені дұрыс па?
- Меніңше, оны өзі айқындайды. Оған таңдау жасау мүмкіншілігін беру қажет, іздесін, тамырын басып көрсін. Өзінен басқа ешкім де дұрыстап анықтай алмайды. Қазіргі уақытта ол белгілі бір жанрлық жолмен келе жатыр. Оның операда оркестрмен классикалық орындаудан айырмашылығы бар екендігі сөзсіз. Димаштың дауыс ырғағы барынша бай әрі көп нәрсені сынап көруге, өзге әншілердің қолынан келе бермейтін қандай да бір жаңа бояулар мен ерекшеліктерді табуға мүмкіндік беретін айрықша кең диапазоны бар. оған композиторлардың, продюсерлердің назар аударып, қандай да бір арнайы шығармалар да жазатындығына сенімім мол. Оның ерекше дарыны мен табиғи әртістілігін ескерер болса, ол мюзикл жанрында да тамаша орындаушы бола алады. Оның нәзік сырт келбеті ақбозат мінген ханзада болуына да еркін мүмкіндік береді. Қытай қыздарының Димашқа қандай ілтипат көрсетіп жатқанын көріп жүрген шығарсыздар? Тек қытай қыздары ғана емес... Орындаушы өнердің жаңа бір бағытын қалыптастыратын кездер де болып жатады. Мүмкін біз сондай феноменнің табалдырығында тұрған да шығармыз. Яғни, Димаш фолк-, рок-, поп- және классикалық операны қоса алғанда туындайтын жаңа бір синтезді қалыптастыратын негізгі тұлға болуы да ықтимал. Мен содан үміттімін. Қазіргі уақытта оның жеңіске жетіп жатқанына мақтанамын әрі қуанштымын. Ең бастысы, оған ешкім кедергі келтірмесе екен.
***
Абзал Мұхитдинов ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының музыкалық жетекшісі және дирижері.
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны тәмамдаған. 1997 жылы Ұлыбританиядағы Йорк университетінің магистратурасында «Барокко дәуірінің ырғақтық дәстүрлері» атты диссертациясын қорғаған (MA, York, UK). 1998 жылы ҚР Халық әртісі Г. Мырзабековамен бірге «Камерата Казахстана» камералық оркестрін құрды. 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің негізін қалады. 2005 жылы «La Primavera» Президенттік камералық оркестрін ұйымдастырды. 2000-2013 жылдар аралығында К. Байсейітова атындағы ҰОБТ бас дирижері.
2013 жылдан «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының музыкалық жетекшісі және бас дирижері. Дирижерлік репертуарына 250-ден астам вокалдық-симфониялық, симфониялық әрі камералық музыка шығармалары, сонымен қатар 40-тан астам опералық-балет қойылымдары енген. Қоюшы дирижер ретінде 25 қойылымды іске асырды. Қазақстанда және сонымен қатар шетелде (Ұлыбритания, Германия, Австрия, Польша, Болгария, Оңтүстік Корея, Италия, Түркия, Ресей) әлемдік деңгейдегі көптеген музыканттармен бірге өнер көрсеткен. Олардың ішінде Роберто Аланья, Мауриццио Барбаро, Валерия Эспозито (Италия), Жерар Коссе (Франция), Марк Холланд, Джеймс Керби (Ұлыбритания), Пьетро Масса (Германия), Олег Крыса (АҚШ), Миранда Кейс (Австралия), Марианн Талаба (Австрия), Зураб Соткилава, Владислав Пьявко, Павел Черных және Марина Лапина (Үлкен театр, Мәскеу) және т.б. бар.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының оркестрлік редакциясының авторы. М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық редакциясын жасаған.
Дереккөз: www.inform.kz