Димаш Құдайбергеновтың Қытайдың Hunan TV мәдени арнасындағы "Мен әншімін" (I am a Singer) байқауына қатысып жатқанынан қалың жұрт хабардар. 10 қаңтар күні Димаш Қытай көрерменінің алдына алғаш рет шыққан соң, жас әнші туралы Қытай баспасөзі жаза бастаған.
Бұл туралы әншінің анасы Света Айтбаева бүгін инстаграмындағы парақшасында мәлімдеді.
Қытай тілінде басылған жазбадан: "Шоуға Қытай әншілері қатысады, ал Қазақстаннан Димаш есімді әнші келген. Димашқа қытай сарапшылары "талантты, қабілетті әнші" деп баға берді. Ол Францияның ең қиын әнін орындады. Қытай халқы Димашты шапалақ соғып тұрып қарсы алды. Димаш – Тәңір өзі назарына алған жас әнші (称为“天才少年”的迪马西 一出台就放大招 )", - деген сөздерді оқуға болады.
Теленұсқа жарыққа шықпаса да, әлеуметтік желіде Димаштың қытай тілінде айтқан әні кең тарады.
Байқауға қатысып жүріп Димаш қытайлық «Happy Camp» бағдарламасында қонақта болған. Бағдарламада қазақ әншісі Селин Дионның орындауындағы «All by myself» және Бибігүл Төлегенованың репертуарынан «Бұлбұл» әнін шырқаған. Сонымен бірге қытайдың «Тин лян» әнінің орындалу техникасын көрсеткен. «Шоу бағдарлама барысында қазақстандық жас әнші аспан асты елінің танымал тележүргізушілерін қазақша сөйлетті. Бағдарламада қатысушылар музыкалық, танымдық ойындар ойнады», — деп хабарлады Димаш Құдайбергеновтың досы Алпамыс Шәрімов «Тілші» сайтына.
Ал бүгін Алпамыс Шәрімов инстаграмындағы парақшасына I am a Singer жобасының таңғы бейнеролигін жариялады. Бейнероликте байқау қатысушылары бейнеленген.
Ютуб желісінде таралған мына видеодан да байқау қатысушыларының қарқынын көре аламыз.
Естеріңізге сала кетейік, аталған байқау 21 қаңтар күні сағат 22:30-да Қытайдың Hunan TV арнасынан көрсетіледі. Қазақстандықтар байқау барысын әлеуметтік желіде #TheSingerDimash хэштегі арқылы бақылай алады.