Бүгінде әлемге танылып келе жатқан жас әнші Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan TV телеарнасында болатын «Супер дауыс» деп аталатын музыкалық шоудың қазылар алқасының құрамына енді. Бұл ақпаратты Димаш Құдайберген өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
Түсірілім барысында түскен суретін жариялаған әнші, суреттің астына былай деп жазды: «Хунан ТВ телеарнасындағы «Супер дауыс» (Супер голос) жаңа мегажобасының финалдық түсіріліміне жиналудамыз. Онда білімді вокал шеберлері бақ сынайды. Мен әділқазылар құрамындамын. Барлық қатысушыларға сәттілік», - деп жазды Димаш Құдайберген.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген 2018 жылдың ең келбетті жігіттерінің тізіміне енді. 2017 жылы Димаш бұл аталымда 76-орында тұрған еді, биыл 90-орынға жайғасыпты. Әншілік өнерімен әлем халқының алдында өнер көрсетіп жүрген Димаш Құдайберген жуырда ғана «Жыл әншісі» және «Ұлы Жібек Жолының мәдени елшісі» атанды.