Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Грэмми сыйлығының иегерімен бірге ән айтады. Бұл жайында өнер иесі instagram желісіндегі парақшасында жазды. - Жақын арада Грэмми жүлдесінің иегерімен дайындап жатқан дуэтімізді күтіңіздер..., - деп жазды Димаш әлеуметтік желідегі парақшасында. Әйтсе де нақты кіммен бірге ән айтатыны құпия қалып отыр. Грэмми сыйлығы музыка саласындағы мәртебелі марапат. Америка дыбыс жазу академиясының қолдауымен 1958 жылдан бері табысталып келеді. Жыл сайын музыканың 30 жанры бойынша 78 марапат иесін күтеді. Биыл бұл сыйлықтың салтанатты кеші 28 қаңтарда Нью-Йорктегі Мэдисон Сквер Гарден кешенінде өтеді.