2014 жылғы 13 қыркүйектен бастап дәстүрлі түрде өтетін «Gakku TV» арнасының концерті биыл да әдеттегідей жоғары дәрежеде өтті. Айтулы шараға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қатысты. Бұл фестиваль қала әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласының 1001 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Биылғы жылы «Gakku Дауысының» хедлайнері ретінде миллиондардың сүйіктісі, талантты әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті. «Астана» алаңында өткен кешке бейресми дерек бойынша 150 мыңға жуық жанкүйерлер жиналған.
Димаш Құдайберген тыңдармандардың тағатын тауысып, ең соңғы болып сахнаға шықты. Халықтың ықыласы мен қошеметін сезінген әнші бірнеше ән шырқап, кешке жиналған жанкүйерлерді елітті.
Кештен соң Димаш өзінің инстаграм парақшасына: «Рахмет саған, Туған ел! Қандай мемлекеттерде өнер көрсетпейін туған Елімнің сахнасы мен үшін бір бөлек! Көріскенше!» - деп жазып, өзінің қазақ жұртшылығына деген ризашылығын жеткізді.
Мереке кумирлар мен әртүрлі жастағы жанкүйерлерді біріктіретін алаңға айналды. Мұнда мәңгі өлмес хиттер мен жаңа әндер шырқалады, өткенге құрмет көрсетіледі әрі адамдар жаңа топтармен және композициялармен танысады.