X-Factor жобасының екінші маусым финалисі Дария Ақпарова "Ереван шақырады" атты ІІ халықаралық жас өнерпаздар байқауында Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл туралы Ерлан Көкеев Tengrinews.kz тілшісіне хабарлады.
Байқауға қатысу үшін 10 орындаушы ғана өтініш білдірген екен. Әріптестері бірауыздан Дарияны қатыстыру туралы шешім қабылдады.
Жас әншінің дайындық жұмыстарымен Ерлан Көкеев айналысатын болады. Ол аруымызға репертуар таңдап, өңдеу жұмыстарына қатысып, арнайы нөмір дайындайды.
Байқауға қатысушының әрбірі үш бірдей әнді алып шығулары керек: әлемдік хит, өз елінің хит әні және армиян тіліндегі ән.
Гран-приді жеңіп алған қатысушы 10 мың доллар көлемінде ақша алады. "Ереван шақырады" байқауының финалы 7 қазан күні болады деп жоспарлануда.
2012 жылы аталған байқауға Қазақстанның атынан Әлішер Каримов қатысқандығын естеріңізге сала кетейік. Ол кезде Ә. Каримов үшінші орынды жеңіп алды.
Суреттер: season.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева