Бұл қызық: Радиожүргізуші Last Christmas әнін эфирде қатарынан 23 рет қойған

Бұл қызық: Радиожүргізуші Last Christmas әнін эфирде қатарынан 23 рет қойған
Фото: million-wallpapers.ru

Аустриялық радиожүргізуші онсыз да таяп қалған Жаңа жыл мерекесін жақындата түскен сыңайлы. 27 жастағы диджей Антенн Каринтия радиостудияға бір өзі қамалып алып, сонау 80-жылдардың орта шенінде атағы шыққан Wham! тобының әйгілі Last Christmas әнін 2 сағат қатарынан үздіксіз ойната беріпті. 

Жүрек қылын шертетін сазды әуенді қайта-қайта тыңдап, құлақтарының құрышы қанған тыңдармандар артынша радиоға қоңырау шалып, жаппай шағым түсірген. Бұған не себеп болды дейсіз ғой, сөйтсе, таңғы сағат 8-де шоуды жүргізуді бастаған диджей айналадағы адамдардан ешбір мерекелік көңіл-күйдің байқалмайтынын айтып, тікелей эфирде тыңдармандармен ой бөліскен. Ақыры жұрттың көңілін сергітуді көздеген жүргізуші осы әнді қатарынан 23 рет қойып, жұртқа тыңдатыпты. Оның бұл әрекетін, тіпті әріптестері де доғара алмапты. Себебі диджей студия есігін іштен іліп қойған. 

Диджейді тек осында қоңырау соққан өзінің 4 жасар қызы ғана тоқтатқан. Әкесінің әбден мезі еткен әуенді тоқтатып, таспаны ауыстыруын өтінген бүлдіршіннің қоңырауы болмағанда, ол бұл Last Christmas әнін күні бойы жұртқа тыңдатпақ болған екен.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы