4-5 шілде күндері Нұр-Сұлтанда өтетін Eurasia Music Hub халықаралық конференциясында JV Promotion (Германия) музыка агенттігінің директоры Юлиана Волож спикер болмақ.
Қазақстандағы бірегей конференция Wyndham Garden Astana қонақүйінде өтеді. Шараға Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдау көрсетеді. Форумға eurasiamusichub.com сайты арқылы кез келген адам тегін тіркеле алады.
"Барлығыңызға сәлем! Менің атым Юлиана Волож. Мен әлемдік музыка саласында продюсермін. Халықаралық нарықта 2007 жылдан бері жұмыс істеймін, Германиядағы JV-Promotion музыка агентурасының басшысымын. Мен Eurasia Music Hub халықаралық конференциясына спикер ретінде әрі халықаралық кеңесші ретінде қатысатыныма өте қуаныштымын. Қазақстандық әріптестеріммен тәжірибе алмасатыныма дән ризамын", - деді конференцияның халықаралық кеңесшісі Юлиана Волож.
"Конференция Еуразиядағы музыка нарықтарын біріктіріп, жергілікті әртістерді халықаралық нарыққа шығаруға ықпал етеді. Бұл форум маңызды, керек процестің басы болмақ! Мен барлығымызға сәттілік тілеймін! Eurasia Music Hub-та кездескенше!" - дейді германиялық спикер.
JV-Promotion агенттігінің тарихы 2007 жылдан басталады. 2009-2013 жылдары Юлиана Волож бен оның командасы Port of Culture, "Тбилиси Music Week", "Планета людей" сияқты халықаралық музыка жобаларына қатысқан. Юлананың өзі WOMEX, Jazzahead, Tallinn Music Week, Visa for Music, Eurosonic, Seoul Music Week, Mundial Montreal сынды халықаралық форумдарға тұрақты қатысып, әлемдегі ірі музыка фестивальдері мен концерттерінде серіктестік қызмет етіп келеді.
JV-Promotion бір жанрмен шектелмеген, фольклорға негізделген музыкалық жобалармен серіктес болып жүр. Қазір Юлиана TRAD.ATTACK! (Эстония), Iberi (Грузия), Inna Zhelannaya (Ресей), Ethno-Trio Troitsa (Беларусь), Naked (Сербия), Indialucia (Үндістан-Польша-Испания), Authentic Light Orchestra (Армения-Швейцария), Namgar (Бурятия), Puuluup (Эстония), LaBrassBanda (Германия), Melisande Electrotrad (Канада), ZeMe (Латвия) жобаларының продюсері. Бұл топтардың шығармашылығы халық әндері мен джазды, рок пен электронды музыканы, классика мен джазды үйлестірген.
Eurasia Music Hub – қазақстандық музыканттарға әлемдік нарыққа шығуға бірегей мүмкіндік. Eurasia Music Hub бағдарламасында практикалық конференция, еуропалық және азиялық музыка индустриясының өкілдері өткізетін сабақтар, world music музыка жанрының ең танымал музыканттарының мастер-класстары мен show-case-тер бар. Іс-шара әлемдік world music музыка саласындағы тәжірибе алмасудың бірегей кәсіби алаңы болады, онда продюсерлер, орындаушылар және фестивальдердің ұйымдастырушылары кездеседі.
Eurasia Music Hub конференциясының бас менеджері Раушан Джуманиязова – белгілі қазақстандық менеджер әрі ғалым. Ол конференция мақсаты туралы: "Мұндай шара Қазақстанда бұрын-соңды болмаған! Eurasia Music Hub – музыка нарығындағы сазгерлер, продюсерлер, әлемдік world music музыкалық жанрын бағалайтындар сынды барлық ойыншыларға арналған музыкалық платформа" - дейді ол.
Халықаралық сессия барысында 8 елдің спикері сөз сөйлейді. Олар – Оңтүстік Корея, Марокко, Польша, Германия, Франция сынды елдерден келген музыкалық продюсерлер. Біздің аймақтан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері болады. Конференция қатысушылары өз тәжірибесімен бөліседі. Шарадан күтілетін нәтижелер – музыканттар мен әлемдік музыка индустриясының өкілдері арасында белсенді байланыс орнату.