Кейде жаңадан шыққан тәп-тәуір әндер бірден жылыұшырап, жаныңа жағып кетеді. Бірақ сондай әндердің бірқатарын бұрын бір жерден естіген сияқты болуың да мүмкін. Мұндай сезімде гәп бар. Адамның бір кезде естіген әуенін немесе дыбыстар жиынтығын арада қанша уақыт өтсе де ұмытпай есіне түсіре алуы мүмкін екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Демек, мидағы бағдарламаны алдау оңай емес. Ал мұны ескермейтін біздің кейбір әншілеріміз бен композиторларымыз тыңдарманын көпе-көрнеу дежавю сезіміне бөлейді.
Сөзімізге Қайрат Нұртас орындайтын «Сұранамын» және «Арай» тобы мен Сәкен Майғазиев айтатын «Сен» деген, сондай-ақ басқа да әндер мысал бола алады. «Сұранамын» әні сөзінің көркемдігі келіспей қалғаны көзге бірден ұрып тұр, оны сөз қылмаса да болады, бірақ сол кемшілік әннің әуенінен болған сияқты. Әуені алдымен туып, оны «қолдан сөйлетудің» салдарынан олқы-солқы дүние шыққан. Ал әуенінің өзі - плагиат. Қайырмадағы «Ал мен болсам сені жүрегіме сақтап алдым» деген ырғақ сыр алдырып қояды. Осы тұс ресейлік-украиналық «ВИА Гра» тобының «Good morning, папа!» әнінің қайырмасын еске салады. Ол әнде бұл ырғақ «Goog morning, папа, в наших песнях - только паузы…» деген жолмен айтылады, тек буын санында ғана айырмашылық бар. Салыстырып көріңіз.
Қайрат айтатын әннің авторларын білмейміз, есесіне оларға «шабыт бітірген» Константин Меладзе екен. Ал «Арай» тобы мен Сәкен Майғазиев айтатын «Сен» атты ән бұрынғы «Гости из будущего» тобының «Ты где-то» әнінен айнымайды. «Аспанға жазайын сенің атыңды, Жарқырап нұрлы арайың мені шақырды. Аспанға жазайын сезімнің жырын,Әрдайым сенің жаныңнан табылам, күнің».
Әннің сөзін Ринат Зайытов жазған, әні - Ілияс Әбдіразақовтікі. Композиторды плагиат жасады деуден аулақпыз. Дегенмен тым жақсы дүниенің Ева Польна мен Юрий Усачев жазған әннен аумайтыны қынжылтады. Өткен жылы бұл туралы Сәкен Майғазиевтің on.kz порталындағы блогына пікір қалдырылған еді. Бірақ әнші қандай да бір түсінік бермеді.
Бірде «Еларнадағы» «Саз әлемі» думанында Алмас Кішкенбаев орындаған «Асылым» деген әннің София Ротару айтатын «Лебединая верность» әнінен аумайтынын Дильназ Ахмадиева айтқан еді. Әнді жазған Алмастың өзі екен, ол Дильназға наразылық білдірмеді. Шынымен де, әннің «Жарқыраған айым әсем болып шалқып жатса» деп басталатын алғашқы жолы Ротаруға ән жазған Евгений Мартыновтың қайырмасының көшірмесі сияқты. Тек бұл әнде «Что с тобой, моя любимая, отзовись скорей» делінеді. Осындай жайттар көп. Ғаламтордағы көпшілік Сейфуллин Жолбарыс пен Сырымтай Еңсепов орындайтын «Туған ел» әнінің алғашқы музыкалық кіріспесінің де A`Studio-ның «Так же как все» әніне ұқсас екенін айтады.
Қырғыз бен өзбек әндерінің өңін айналдырып айтып жүргендер - өз алдына бөлек әңгіме. Көзбояу мен немқұрайдылық үстемдік еткен кезде шоу-бизнестен де мән кетеді. Жұрттан зор құрмет талап ететін өнерпаздарымыз алдымен өз кәсібіне адал болып алуды ескермей жүр.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: pmd.kz