- Негізгі бет
- Музыка
- "Бұл әлемдегі ең...
"Бұл әлемдегі ең ірі тегін фестиваль". Ертең The Spirit of Tengri басталады
Алматыға ертең басталатын The Spirit of Tengri 2019 фестивалінің қатысушылары келіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Венгриялық Kerekes Band тобының мүшелері шоудан не күтетінін айтып, өз әсерін бөлісті. Олар Алматыға Венгрияның Қазақстандағы Бас консулдығының қолдауымен келген.
Әлемнің 16 елінен 70-тен аса музыкант Алматыда өтетін The Spirit of Tengri 2019 заманауи этникалық музыка фестиваліне қатысады. Фестиваль 25-26 мамырда Республика сарайының (Абай - Достық) алдындағы Абай алаңында өтеді. Концерт 17:00-де басталады, кіру - тегін. Музыкалық шоу Жастар жылын атап өту аясында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Жобаның бас серіктесі - Salem Social Media.
Kerekes Band музыканттары Қазақстанға екінші рет келіп жатқанын айтады:
"Біз фестивальді ұйымдастырушылардың кәсібилігі үшін бағалаймыз. Сахна, дыбыс, техникалық жағы - бәрі жоғары деңгейде. Әр топтың сүйікті фестивалі болады, біздің сүйікті шоуымыз 2018 жылы астанада өтті. Ол біз үшін жоғары кәсіби деңгейде және эмоцияға толы болды, оның әсерінен әлі шыға алмай жүрміз. Біз жақсы ұйымдастырылған көптеген фестивальға қатыстық, оның ішінде ақылы түрі де бар. Ал сіздердің фестиваль керемет ұйымдастырылады және ол тегін, яғни, аудиторияға ашық. Бұл әлемдегі ең ірі тегін фестиваль".
"Былтыр көп адаммен таныстық. Бұл жолы да әлемнің түкпір-түкпірінен келетін түрлі топтар арасынан жаңа таныстар тапқымыз келеді. Біздің байқағанымыз, Қазақстан мен Венгрия ежелден бері бір-біріне ұқсас - екеуінен микс жасауға болады. Біз өзімізбен бірге нағыз шоу алып келдік - мұнда шабыт пен энергияны көрсетеміз. Бірде Венгрияда қазақ тілінде ақын Абай Құнанбаевтың әнін орындағанбыз - бәріне ұнады. Енді Қазақстанға венгриялық музыканы алып келдік, ол да сондай эмоциялық энергия сыйлайды деп үміттенеміз. Халық тұтастығын сеземіз - біз өзімізге қажетті жерге келдік", - деді венгриялық музыканттар.
Венгрияның Қазақстандағы бас консулы Ференц Блауманн
"Біз туысқан секілдіміз: біздің ұқсастығымыз көп, тілдерімізде 400-ге жуық ұқсас сөз бар. Сіздердің музыкалық аспаптарыңыз қобыз деп аталады, біздікі кобоз. Тіл де, музыка да халқымыздың жақындығын көрсетеді. Сондықтан да біздің The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетуіміз өте маңызды. Фестивальге алтыншы жыл қатысып жүрміз. Қонақтардың көптігі, олардың ішінде жастардың болуы мені қуантады. Олардың көздері жайнап тұр. Мұндағы үйлесімді басқа жерден табу өте қиын", - деді Венгрияның Қазақстандағы бас консулы.
Мұның алдында фестивальға Ethno5 және Ashina тобы, әзірбайжандық Natig Rhythm Group тобы, үндінің The Raghu Dixit Project тобы, тывалық Радик Тюлюш, Svjata Vatra эстон-украин тобы, мажарлардың Kerekes Band тобы, сондай-ақ, мозамбиктің Childo Tomas ұжымы өнер көрсететіні анықталған еді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Мали, Нигер Республикасы, Алжир, Грузия, Мысыр, Иран және АҚШ елдерінен музыканттар келеді деп жоспарланған.
Фестиваль қолдаушысы - Tez Tour Kazakhstan туроператоры, ал KZ Sound компаниясы техникалық қолдау көрсетеді. Фестивальдің ресми суы ‑ Samal.
The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасын 2012 жылы Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанциясы құрған. Тамаша музыкалық қойылымның мақсаты ‑ қазақстандықтар мен еліміздің қонақтарын Ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасымен таныстыру. Жоба ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие. Фестивальді ұйымдастырылып жатқалы 120 мыңнан аса адам тамашалаған. The Spirit of Tengri жобасы аясындағы концерттер - ақпараттық көркем материалдар мен видео контентпен сүйемелденетін жарқын, әсем музыкалық шоу. Сондықтан, оларға тек ойын-сауық емес, білім беру сипаты да тән.
Жыл сайын The Spirit of Tengri сахнасына әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған танымал әртістер шығады. Фестиваль өтіп келе жатқан уақыттан бері 80-нен аса елдің белгілі музыканттары мен ұжымдары қатысып шықты. Фестиваль командасы отбасы мерекесінің ерекше атмосферасын туғызып, онда Алматы тұрғындары мен қонақтары асқан қызығушылықпен жиналады. Олар жәрмеңке аралап, этникалық шеберлер қалашығын тамашалап, киім, музыкалық аспап және ескерткіштер сатып ала алады. Концерт real-time режимінде кең форматты LED-дисплейлерінде таратылып, онлайн-алаңдарда тікелей эфирге шығады.
Алдыңғы жылдары фестивальді Kaspi.kz пен Magnum Cash & Carry қолдаған болатын.
Massaget.kz