Бүгін – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мейрамбек Бесбаевтың туған күні. Жүректі әндерімен тыңдарман жүрегінен орын алған ағамыз 38 жасты еңсерді. "Елім" деп еміренген азаматын елі де қолынан келгенше құттықтап, ақ тілегін жаудырып жатыр. Әлеуметтік желілерден жолданған алғашқы ізгі ниеттер мен ақ тілектердің куәсі болыңыз:
Сәкен Майғазиев: Алла тағала қазақтың бағына берген Мейрамбектей жүректі әншінің туған күні құтты болсын, ағайын! Мейрам досыма екі дүниенің бақытын тілеймін! Мархабат алтын асықтай ұл сыйласын!
Кенжебек Жанәбілов: Туылған күніңізбен Мәке! Бақытты, баянды, ұзақ ғұмыр тілеймін! Отбасыңыз аман болып, көбейе беріңіздер!
Ердос Қанаев: Қазақ өнерінде есімі алтын әріппен жазылған Мейрамбек ағамның төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алла өміріңізге береке, отбасыңызға жақсылық берсін! Қанатыңыз талмай, елдің ықыласына тоймай жүре беріңіз, аға!
Мұқасан Шахзадаев: Мейрамбек - қазақтың мақтанышы, біртуар азаматы. Микош бауырым, құтты болсын!
Әнші, термеші, Мейрамбек Бесбаев Жамбыл облысына қарасты Талас ауданында дүниеге келген. 1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков ұйымдастырған республикалық термешілер байқауына 15 жастағы Мейрамбек Бесбаев «Бозторғай» әнімен қатысыпты. Халықтың ыстық ықыласына бөленген жас әнші байқаудың үш күнінде де қатарынан «Бозторғай» әнін шырқаған екен. 15 жасында осындай ерлік жасаған ағамыз, бүгінге дейін 3 ғасырға жететін ән-қазынаны дүниеге әкелді десек, артық айтпағанымыз болар. Алда ағамызды әлі талай өнер асулары күтіп тұр. Жаны аман болса, қазақтың ән-сандығына әлі де көптеген құнды дүние сыйлайтыны мәлім. Ары қарай ағамызды таныстырып, мақтап жатудың өзі артық секілді. Олай болса, Massaget.kz порталы қазақтың өнері үшін жаралған дара әншісін туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, өмірде де, өнерде де құс-қанат болып самғай беріңіз деп тілек білдіреді.
Сурет: Мейрамбек Бесбаевтың жеке парақшасынан, altaynews.kz, juldizdar.kz, olender.kz, baq.kz