Димаш Құдайберген Қытайдан Қазақстанға оралды, деп хабарлайды Массагет.кз. Әйгілі әнші Астанаға 6:50-де ұшып келді. Димаш Құдайберген мен Алпамыс Шәрімовты әуежайдан Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған бір топ зиялы қауым мен әншінің ата-әжесі, әке-шешесі, бауырлары және қарапайым жанкүйерлер күтіп алды. Димаш әуежайға қазақтың оюлы шапанын киіп түсті. Қытайдың "Мен әншімін" байқауынан жеңіспен оралған әнші жиналған жұртқа алғысын білдірді.
Естеріңізге салсақ, байқау жүлдесінен бөлек, Димаш Қытайдан үш бірдей мәртебелі марапат алып келді. Олар: "Азияның ең танымал әншісі," "Халықаралық деңгейдегі танымал әнші" және "Top Global Chinese Music" жүлдесі.
Айта кетейік, бүгін 18:30-да Астананың Орталық концерт залында Димаш Құдайбергенмен кездесу өтеді. Шараға кіру тегін.