Ланкашир графствосында тұратын бір британдық атақты оңтүстіккорейлік әнші PSY-дің Gangnam Style әніне билеп, артынша көз жұмды.
IT-менеджер болып жұмыс жасайтын 46 жастағы Имонн Килбрайд (Eamonn Kilbride) жергілікті сыра қайнатушы Thwaites Brewery кеңсесіндегі рождестволық кеште Gangnam Style әніне билеген. Отты әнге белсеніп билеген Имонн Килбрайд әйеліне жүрегінің ауырып тұрғанын айтып үлгерген де, есінен танып қалған. Оны ажалдан дәрігерлер де алып қала алмады. Ауруханаға жетпей жатып көз жұмды. Оның артында жесір әйелімен қоса, үш баласы қалды.
Gangnam Style биіне байланысты тағы бір жағдай АҚШ-та болып еді. Күрес жаттықтырушысы калифорниялық Рок Рапакун (Roque Rapacon) Gangnam style арқылы қарсыласын жеңуге болатындығын YouTube-ке көрсетіп видеожазба дайындайды. Онда жаттықтырушы дайындық кезінде өтірік әдістер қолданып, қарсыласына соққы жібереді де, Gangnam style бейнебаянындағыдай билеп өтіп кетеді. Ал қарсыласы құлап қалады.
Мұндай оқиғалар әннің қаншалықты танымал бола бастағанының дәлелі. Бірақ әнге табынушылар жігерлі бидің зардабын тартып жатса, айтарымыз жоқ...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: bugaga.ru