- Негізгі бет
- Музыка
- Билли Айлиш және...
Билли Айлиш және музыка
17 жастағы Билли Айлиш (Billie Eilish) дебюттік ән жинағы шықпастан бұрын музыка әлемінде талай шу көтерген болатын. 11-ақпанда Ресейде концерті өтетіні белгілі болған бойда, билеттер бірден сатылып кеткен еді. Одан бөлек, Дэйв Грол оны Nirvana-мен салыстыра отырып, осындай әншілердің арқасында рок-н-ролл өлмейтінін айтып, бір мақтап алды. Apple Music арқылы ән жинаққа алдын-ала тапсырыс бергендердің саны 800 мыңнан асады. «When We All Fall Asleep, Where Do We Go?» атты альбомы да жарыққа шықты. Бүгінде Билли Айлиш әлем бойынша ең жиі тыңдалатын әншілердің рейтингінде көш бастап тұр.
Ән жинақтың жазылым жұмыстарына екі адам қатысқан – Айлиш және оның ағасы, продюсері және бірлесе жұмыс істеген автор Финнеас О’Коннелла. Бүгінде музыкамен бірнеше кәсіби маман бірлесіп жұмыс жасайтындықтан, әншінің бұл қылығы музыка мамандарының арасында сәл наразылық тудырды. Дегенмен, оның әндерін бірдей деп жазғыратындардың саны азайды. Тіпті, белгілі «When The Party’s Over» және «Bury A Friend» әндерінің арасындағы айырмашылықты бірден аңғаруға болады. Билли Айлиш әндерін әртүрлі жеткізіп қана қоймай, өзіне тән стильді сақтап қалуға тырысады және ол оның қолынан келеді. Мысалы, ырғақты «Bad Guy» және «My Strange Addiction» немесе баяу «Listen Before I Go» мен «8» әндері – бұған дәлел.
Әндердің дыбысталуы да ән жинақты еркін тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл жерде туындыға жасалған аранжировканың орынды екенін әрі музыканы өндеуде артық тәжірибе мен вокалды экзерсистің жоғын байқауға болады. Айлиш және О’Коннелла біртектіліктен қашу үшін, «My Strange Addiction» әніне «Офис» сериалынан диалог үзіндісін қосса, «Wish You Were Gay» – тыңдармандар залынан дауыс ойнатылады.
Қазір музыка әлемінде тыңдарманына ойын жұмбақтап жеткізу сәнге айналғандай. Атақты BTS тобы ән жинақтағы әндердің ретін, мағынасы мен идеясын әр бейнебаяндарында жұмбақтап жеткізеді. Дәл сол секілді Айлиштің де әндері бір-бірімен байланысты. Оның өзі бір сұқбатында мойындаған болатын. Мысалы, соңғы үш әні «Listen Before I Go», «I Love You» және «Goodbye» – бір сөйлем іспеттес. Сонымен қатар, «Goodbye» әнінде альбомдағы өзге әндердің тармақтары қолданылады. Ән жинақ 13 секундтық «!!!!!!!» трегінен басталады: Билли Айлиш пен Финнеас О’Коннелл өзара әңгімелесіп, әнші өзінің Invisalign тіссауытын шешкенін айтып күледі.
Мәтін жайында Айлиш: «Әндердің мәтіні – мен үшін өте маңызды. Кейде адамдардың әннің сөзіне мән бермейтінін байқаймын», – деп сұхбаттында пікір білдіреді. – «Біз бәрі ойлайтын, бірақ айта бермейтін нәрсені жазамыз. Ол үшін тереңге үңілудің қажеті шамалы. «Менің көңіл-күйім жоқ» деген қарапайым ой болуы мүмкін. Біз оны өзімізге тән оймен жеткізетін боламыз».
Билли Айлишті сөз еткенде, оның есімімен қатар, альтернативті поп-музыкасының белді өкілдері Лана Дель Рей мен Лорд есімі де қатар аталады. Дегенмен, Лордпен оның тек бағыты мен дебют кезіндегі жас ерекшеліктері байланыстырмаса, аса ұқсастық жоқ. Ал, Дель Реймен дауыстары, музыканы жеткізу тәсілдері мен музыкалық көңіл күйлері қатты ұқсайды. Таңғалатын жайт емес, өйткені, әншінің өзі Дель Рейді сүйіп тыңдайтынын, оның шығармашылығын жақсы көретінін мойындаған еді.
Кейбір адамдарға Билли Айлиштің шығармашылығы өз жасына сай келмейтін, ауыр көрінуі мүмкін. Дегенмен, жасөспірім шақтың ешнәрседен қорықпайтын әрі ойын еркін жеткізетін, толғануға уақыты жеткілікті екенін ескерсек, онда тұрған ешнәсе жоқ секілді. Айтпақшы, Финнеас О’Коннелл де тым жас – жасы небәрі 21-де.
Өткен жылы Билли Айлиш Florence + The Machine концерттерінде қонақ ретінде қатысты. Жас әншінің жаңа ән жинағы оның әртіс ретінде болашағы зор екенін тағы бір дәлелдеп бергендей. Сәттілік тілейміз.
Т. Есқали