Роза Рымбаева түскен "Беш" клипінің продюсері Александр Шумский бейнебаянның өшірілу себебін түсіндірді, – деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Шоумен өзінің Фэйсбуктағы парақшасында: "Достар, осымен бітті. БЕШ-тің күншілдері қуана беріңіздер. Ал шығармашылықтың әртүрлі болатынына сенетіндер, мұңая беріңіздер. Беш біздің ресми каналдарымыздан өшірілді. Ал заңсыз көшіріп, таратып жүргендермен арнайы компания айналысып жатыр.
Бүгін маған менің жақсы танысым Ерлан Әлімов хабарласып, Әли Оқапов пен Роза Рымбаеваның имиджіне нұқсан келтіретін барлық контентті өшіруімді сұрады. Мен еш сөзге келместен, бірден келістім. Маған біздің жұлдыздар кез келген ойын-сауықтан қымбат. Барлық like басқандарға рақмет айтамын", – деп жазды.
Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Массагет сайты Youtube видеоресурсына 1 шілде күні жарияланған «Беш» атты ресми бейнебаянның өшірілгендігін хабарлаған болатын. Бұл қадамның себебін рэпер Big Som-ның (Самсон Аракелян) ресми парақшасының модераторы Массагет сайтына: "Маған бұл бейнебаянның өшірілуін оның қоғамда шиеленіс тудыруымен, оған деген негативті пікірлердің артуымен түсіндірді. Сонымен қатар, желіге бейнебаянның дайын емес нұсқасы бірінші болып таралып кетіп, оның да сынға ұшырағаны себеп болды", – деп түсіндірген еді.
Естеріңізге сала кетсек, халық әртісі Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Big Som, Гурген Басенцян, Әли Оқапов, Александр Шумский, Давид Орбелиани, Ольга Кузнецова, Ерлан Мейірбеков сияқты әнші-орындаушылар түскен бейнеклип төңірегінде әлеуметтік желілер мен бірқатар басылымдарда ұлттық тағамымызды мазақ қылды делінген көзқарас пікірлер көбейген еді. Халықтың наразылығына Роза Қуанышқызы: «Мұнда тұрған еш өрескелдік жоқ. Керісінше, режиссерлер ұлттық тағамды насихаттайтын клипке түсуге шақырған соң келістім» десе, Нұрлан Абдуллин: «Бәрі насихат қой, ұлттық тағамды насихаттау керек. Қай түрін насихаттайсың – ол өз еркің, бұл жастарға өте керек зат» деген пікір айтқан болатын.
Дайындаған: Ернұр Серік
сурет: YouTube сайтынан скриншот