Композитор, көптеген хит әндердің авторы Бауыржан Есебаев "Меломен" тобының продюсері болды, – деп хабарлайды Baistars.kz. Осыған дейін "Меломен" тобы Жанна Абуованың жетекшілігінде жұмыс істеген. Топ продюсерлік орталықтан кеткен соң, жігіттер біраз уақыт шығармашылықпен өздері айналысты. Бауыржан Есебаев Қайрат Нұртас, Досымжан Таңатаров, Айгүл Иманбаева, Мақпал Диханбаева, Ернар Айдар сынды қазақ эстрадасындағы өнерпаздардың үлкен сахнаға шығуына музыкалық продюсер ретінде зор ықпал еткен.
Продюсерлікті қолға алған Бауыржан Есебаев ұсыныстың "меломендік" жігіттерден түскенін айтты. "Негізі 2007 жылы "Меломен" тобын сахнаға алып шыққан мен болатынмын. Бірге біраз жұмыс жасадық. Кейін қаржылық дағдарысқа байланысты екі жаққа кеттік. Бірақ арамыз жаман болған жоқ, араласып тұрдық. Негізі продюсердің жұмысы бір басқа, ән жазу бір басқа. Мен көп әншілерге музыкалық жағынан көмектестім. Алайда ешкімге продюсер болмадым. Олар 2 жыл бұрын басқа продюсермен жұмыстарын тоқтатқан екен. Жақында жаңа әндер жаздық. Кейін жігіттер "бірге жұмыс жасайық, продюсеріміз болыңыз" деп ұсыныс тастады. Қазір бәріміз бірге жұмыс жасап жатырмыз" – деді Есебаев.