Батыржан Тазабеков: «Аялаған Астананың» қатысушылары жоғары деңгейде өнер көрсетуде

«Жұлдыздар фабрикасының» түлегі, танымал «The Jigits» тобының әншісі, «Еуразия» бірінші арнасындағы «Аялаған Астана» телевизиялық балалар байқауы телекүнделігінің жүргізушісі Батыржан Тазабековтен сұхбат алған едік.

- Биыл «Аялаған Астана» байқауының телекүнделіктерін жүргізуге екінші рет шақыру алдыңыз. Оған қоса, Қазақстанның барлық қаласын аралап, өнерпаздардың ән орындаушылық шеберлігін көрдіңіз. Былтырғы жылмен салыстырғанда қатысушылардың дайындығы қандай?

- Балалардың деңгейі едәуір өскендігін көрдім. Себебі, осы жылы жоба кеңінен насихатталып, қатысуға тілек білдірушілер өте көп болды. Оның үстіне дарынды балалар да көбейген. Дегенмен, соңғы сөз сарапшыларда. 

Сіз – әншісіз, бірақ тележүргізушінің қызметін жақсы атқарған сияқтысыз. Осы уақыт аралығында іріктеуге қатысқан барлық баламен достаса алдыңыз ба?

- Мүмкін. Себебі, мен ашық, мейірімдімін! (күліп). Шындығын айтсам, менің адамдармен тез тіл табысатын қасиетім бар. Әсіресе, балалармен. Керек кезде әзілдей білемін. «Еуразия» бірінші арнасының күнделіктері қызықты шығып, көрермендердің менен көңілі қалмайды деп үміттенемін.  


- Бұл сіздің тележүргізуші ретінде бірінші тәжірибеңіз бе?

- Жоқ, әрине! Бұл байқауға дейін «Жетінші арнада» «Звездные танцы»  жобасының жүргізушісі болдым. Сол бағдарламадағы жүргізушілік мәнерім «Аялаған Астананың» режиссері Лина Арифуллинаға ұнаған болса керек. Өздеріңіз білетіндей, көбінесе, менталитетімізге сай қазақстандық хабарлардың жүргізушілері салмақты келеді. Ал, бұл балаларға арналған бағдарлама болған соң, мен жөнімен қалжыңдап, еркін жүргізуге тырысамын.   

- Ресейлік әріптестермен жұмыс істеген қалай екен?

- Керемет! Себебі, олар нағыз кәсіби мамандар. Сондықтан олармен жұмыс істеу, тәжірибе алмасу біз үшін пайдалы. Балалармен өте мықты топ жұмыс істейді. «Аялаған Астананың» қатысушыларында бізге қарағанда мүмкіндік мол. Біз тек отандық байқауларға қатыссақ, олар «Балалардың Жаңа Толқыны» секілді халықаралық байқауларға жолдама ала алады. Беріліп тұрған осындай мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек.

- Ерекше дайындықпен келіп, сізді таң қалдырған бүлдіршіндер болды ма?

- Иә, осы жылы да, былтырғы жылы да болды. Бірақ, осы жылы қатысушылар тіпті үлкендердің күші жете бермейтін жоғары деңгейдегі өнер көрсетуде. Мысал ретінде қызылордалық қатысушыны айта аламын. Ол мені жоғары вокалдық деңгейімен таң қалдырды. Өте мықты қатысушылардың бірі. Осы уақытқа дейін ондай дауысты естіп көрген емеспін. Ол қыздың әлі де өз мүмкіншілігін дұрыс көрсететіндігіне сенемін. Дегенмен, әнші болу үшін тек дарындылық қана емес, білім мен музыканы ұғына білу де керек. Оған қоса, күнделікті талпыныс пен күш-жігер керек.

- Өзіңіз бала күніңізде байқауларға қатыстыңыз ба?

- Ең өкініштісі, мен бала күнімде байқауларға қатысқан емеспін. Кейін «Х факторда» бағымды сынап көрдім, өтпедім. Бірақ, «Жұлдыздар фабрикасы» байқауында финалдық бәсекеге дейін жетіп, екінші орынды иелендім. Менің ойымша, кез келген байқау адамға жақсы әсер етеді. Өйткені, олар қатысушының талантын ашады.

- Балаларға байқаудағы бәсекелестік кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

- Ешқандай кері әсерін тигізбейді. Егер қатысушылар қазірден өнер жолына келуді қаласа, қазірден моральдық-психологиялық тұрғыдан бәсекеге дайын болу керек. Бұл салада үнемі озып, жарысып жүруге тура келеді. Өзгелерден ерекше болу үшін осы бастан өздерін дұрыс таныстырулары қажет.  

- Финалға өткен қатысушыларға қандай кеңес бересіз?

- Ең бірінші - еркіндік! Бүлдіршіндер сахнада қысылмай, бойындағы талантын толық көрсете білсе деймін. Бұрын Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиевадан сабақ алдым. Ол кісі «өзіңді еркін ұстасаң, саған да адамдар тартылады» деген. Ол өзінің осы қасиетін маған үйретті, ал мен оны балаларға үйреткім келеді. Табиғи даусын дұрыс көрсете білу үшін батылдау болу керек. Ешқандай қобалжудың қажеті жоқ. Оларды күлдіріп, көңілдерін аулап, байқау олар ойлағандай қиын еместігіне сендіремін.

- Бас жүлдені жеңіп алу үшін балалардың бойында қандай қасиет болу керек?

- Қиын сұрақ екен. Өзіңнің қолыңнан келер мүмкіндігіңді жүз пайыз көрсету керек. Әнші болу үшін де үлкен психологиялық дайындық, еңбек қажет. Сонымен қатар, әртүрлі бағытта өнер көрсетуі керек. Ол халықаралық, заманауи, классикалық әндер болуы да мүмкін. Ол өте дұрыс!  Бір сөзбен балалар сегіз қырлы, бір сырлы болуға ұмтылу керек. Осы аталғандардың барлығы біртұтас жиынтық десек болады. Баланың бойында сол айтылғандардың барлығы болса, жеңіске жетуге әбден болады.

Жолдаған: Шаттық Ашықбаева

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: "Аялаған Астана" балалар ән байқауының баспасөз қызметі