«Балалардың Жаңа толқыны-2014» байқауында қазақстандық әнші үшінші орын алды

«Балалардың Жаңа толқыны-2014» халықаралық байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен 10 жастағы Мұхаммедәли Жүгінісов үшінші орын алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Үшінші орынды ол беларусиялық Руслан Асланов пен украиналық София Волошаненкомен тең бөлісті. «Хрусталь толқынды» оларға Нюша мен Лев Лещенко табыстады.

Бас жүлде – Гран-приді Украинадан келген әнші Андрей Бойко иеленді. Екінші орынға бірдей үш орындаушы жайғасты – итальяндық дуэт Мартин мен Кьяра Скарпари және ресейлік Полина Богусевич пен Екатерина Манешина. Байқауға қатысушыларды мамандардан құралған әділқазылармен қатар балалардың ата-аналары да бағалады. Өз жүлдесін олар Руслан Аслановқа табыстады. Көрермендер көзайымын Екатерина Манешина иеленді.

Айта кетерлігі, Мұхаммедәли Жүгінісов бұған дейін «Аялаған Астана» фестивалінде бас жүлдені иемденіп, халықаралық «Балалардың Жаңа толқыны-2014» байқауына жолдама алған болатын. Жас орындаушы шығармашылық отбасында дүниеге келген. Анасы – Қалыбек Қуанышбеков атындағы Қазақ драма театрының актрисасы, ал әкесі – продюсер. Ең үлкен ағасы Рүстем Жүгінісов – «X-Factor» орындаушылар байқауының жеңімпазы.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/6HM9oN6dxgg","width":"450","height":"338"});

«Балалардың Жаңа толқыны-2014» жас орындаушылар халықаралық байқауы қырымдық «Артекте» 16-18 тамыз аралығында болып өтті. Фестивальге Ресей, Украина, Армения, Израиль, Румыния, Қазақстан, Италия, Молдова, Беларусь, Латвия мен Грузиядан 17 финалист келіп қатысты. Композитор Игорь Крутой бастаған әділқазылар құрамына Филипп Киркоров, Нюша, Лев Лещенко мен Алессандро Сафина кірген.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтандық орындаушылардың «Балалардың Жаңа толқыны» халықаралық байқауындағы бұл бірінші жетістігі емес. 2008 жылы Ақтоты Әжіғұлова мен Лаура Артелбектен тұратын «А-Лау» дуэты Гран-при жүлдесін ұтып алған. Екі жылдан кейін қыздар «Жаңа толқын» байқауына қатысып, үздіктер қатарынан көріне алмады. 

Дайындаған: Диана Мамытбекова

Сурет: vk.com

Видео: Айжан Түгелбаева