"Бақытты бол" - жауапсыз махаббаттан туған ән

Біраз жыл бойы «Жігіттер» квартеті көпшілікке қоңыр үндерімен танылып, қазақ эстрадасының төрінен орын алды. Төрт сері орындайтын әрбір ән тыңдарман көңілінен шығып, үздік әндердің қатарынан көрінді. Соның бірі -«Бақытты бол» әні.

«Бақытты бол» - жауапсыз махаббаттан туған ән. Әуен авторы белгісіз болғандықтан, оны көше әні деп атап кеткен. Ал ән мәтініне бірнеше ақын сөз жазып үлгерген. Алайда, ұсынылған ән сөздері топ мүшелерінен көңілінен шықпайды. Содан кейін топ продюсері Ерғали Әбдірайымов квартеттің сол кездегі мүшесі Еркін Нұржановқа қолқа салып, ән мәтінін жазып беруін сұрайды.

«Жігіттер» квартетінің бұрынғы мүшесі Еркін Нұржанов бала кезінен қаламды серік етіп, өлең жазады. Продюсер тапсырмасын алған ол бірден ҚазҰУ қалашығында орналасқан саябаққа барып, серуендейді. Жан-жағындағы қол ұстасқан қыз-жігіттерді көріп, әуенді ыңылдап отырып, сөз жаза бастайды. Есіне өзінің басынан өткен жауапсыз махаббаты түсіп, өткен күндерге ойша саяхат жасайды. Әннің жаңа мәтіні топ мүшелеріне ұнаған соң, оны жаздыруға бел буады.

«Бақытты бол» әні жарыққа шыға салысымен, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Көп ұзамай әнге бейнебаян түсіріледі. Аталған атпен «Жігіттер» квартеті екінші ән жинағын жарыққа шығарды.

Әннің жазылғанына бес жылдан астам уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін өз бояуын жоғалтқан жоқ. Себебі, бұл ән сәтсіз махаббатың құрбаны болған жанның мұң-күйін сипаттайды. «Бақытты бол» - кез келген жанның жүрегінің түбіндегі шерді тарқататын ән. «Бақытты бол» - сүйгеніне қосыла алмаған адамның ішкі сезімін тербететін тамаша туынды.  

Ән үздіктердің қатарынан көрінген бойда Еркін Нұржановтың жауапсыз махаббатының кейіпкері туындыны тыңдаған кезде көзіне жас алған екен. Ақынның басынан сәтсіз махаббат өтпесе, мұндай ән келер ме еді?! Кім білсін?!

Бақытты бол

Көше әні

Сөзін жазған: Еркін Нұржанов

Біз тұрдық жол үстінде, 
Жанымыз толы мұңға. 
Тағдырдың білмеппіз-ау, 
Жазбасын жолығуға 
Жолыңды тосып күнде, 
Тұрушы ем гүлдеріммен. 
Алыстап кете бардың, 
Зулаған күндеріңмен. 

Қайырмасы: 
Бақытты бол, берілмей қайғы мұңға, 
Бақытты бол, махаббат айдынында. 
Бақытты бол, аққулы көлімдей ме ең? 
Көз алдымнан кетпейді-ау сенің бейнең. 

Мұңдатқан таңдағы күз, 
Сарғайған солқын гүлдер. 
Бірге атқан таңдарымыз,
Қайдасың сол бір күндер? 
Тірегі тілегімнің, 
Ән бе еді көркем үнің. 
Қалауы жүрегімнің, 
Мәңгі еді ерке күнің. 

Қайырмасы: 
Бақытты бол, берілмей қайғы мұңға, 
Бақытты бол, махаббат айдынында. 
Бақытты бол, аққулы көлімдей ме ең? 
Көз алдымнан кетпейді-ау сенің бейнең. 
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/ftSaBKcvw6k?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Суреттер: baq.kz