Баку "Евровидениесінің" ең қарт қатысушысы 76 жаста

Ұлыбритания биыл Әзірбайжан астанасында өтетін "Евровидение" байқауына 76 жасқа қараған әншіні жібергелі отыр. Энгельберт Хампердинк еуропалық ән байқауының ең қарт қатысушысы атанбақшы. Бұл ақпаратты BBC News агенттігі таратты.

Ағылшынның белгілі эстрада әншісі 60-70 жылдары аса танымал болған еді. Ардагер әншіге жуырда "Евровидениеде" Ұлыбританияның намысын қорғау міндеті сеніп тапсырылды. Хампердинк мұны үлкен құрмет санап, ұрысқа дайын екенін мәлімдеді. Әзірше оның қандай ән орындайтыны құпия.


Энгельберт Хампердинктің құжат бойынша аты-жөні - Арнольд Джордж Дорси. 45 жылдық шығармашылығында ол 150 млн әнжинақты саудаға шығарған. Осыдан он шақты жыл бұрын әнші әлемнің ең бай жұлдыздарының бестігіне енді. Ағылшын елінің құрметті азаматы биыл мамырдың екісінде 76 жасқа толады. Демек, ол еуропалық ән байқауының тарихындағы ең егде қатысушы болмақ.

Бұған дейін ең кәрі сайыскер деп, байқауға 2008 жылы қатысқан хорват әншісі Ладислав Дементерович айтылатын. 75 жасында бағын сынаған ол екі жылдан соң дүние салған еді. 

Автор: Болат Мұхтар

Суреттер:artektour.kz, fansworld.ru