15min.lt ақпарат агенттігі «Евровидение – 2013» байқауының финалы өтетін күні Литвада белгісіз бір топтың адамдарды Әзірбайжанға дауыс беруге үгіттегенін хабарлады. Бірнеше рет дауыс берген адамға 20 евродан ұсынылған. Әзірше Әзірбайжан бұл жөнінде қандай да бір мәлімдеме жасамады.
Агенттік журналистері ақпаратты естісімен қарапайым азаматтар ретінде дауыс сатып алушылармен кездесіп, олардың әңгімесін бейнекамераға жасырын түсіріп алған. Сергей есімді азамат байқауға қатысушы 15 елде жұртқа ақша беріп, Әзірбайжанға дауыс жинап жүрген он шақты топтың барын айтқан. 15min.lt агенттігі байқаудың ақтық сайысында Литваның әзірбайжандық әншіге ең жоғарғы балл бергенін еске салады. Бұл ақпараттың ақиқат не, қолдан жасалған күйе жағу екені белгісіз.
Осыдан екі жыл бұрын француз ақпарат құралдары да Әзірбайжанды «Евровидениеде» жеңу үшін дауыс сатып алуға тырысты» деп айыптаған болатын. Дегенмен ғаламтордағы қауым биылғы «Евровидениеде» Фарид Мамедовтың мінсіз өнер көрсеткенін қуаттайды. Еске сала кетейік, Швецияның Мальме қаласында өткен байқауда 281 ұпаймен Дания бірінші орынға ие болды. Екінші орынды әзірбайжандық Фарид Мамедов, үшінші орынды украиналық Злата Огневич иеленді. Алғашқы ондыққа Норвегия, Ресей, Грекия, Италия, Мальта, Нидерланды және Венгрия енді. Ирландия ең соңғы орын алды.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: eurovisionaz.com