Айқын Төлепбергеннің "Пах-пах" әні

Айқын Төлепбергеннің "Пах-пах" әні

Алғашқы “SuperStar KZ” байқауына бақ сынап, қазақ елінің атынан 2006 жылы Юрмала қаласында өткен «Жаңа толқын» халықаралық байқауына қатысқан, бүгінде елге есімі кеңінен танылған әнші Айқын Төлепберген шығармашылығын жоғары бағалайтындар саны аз емес. Кезінде Айқынға қолдау білдіріп, сан мәрте дауыс берген көрермен қауым әлі күнге дейін оны сүйікті әншілерінің қатарына жатқызады. Қазақ және орыс тілдерінде ән салатын Айқын әндері талай тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Алайда, Айқынның «Пах-пах» деген әні жарыққа шыққан бойда жастар оны хитке айналдырса, баспасөз өкілдері мен аға буын тарапынан көңілді ән үлкен сынға ұшырады.

Әуені жеңіл һәм ырғақты ән болғандықтан шығар, ол көптеген жастардың жүрегін жаулап алды. «Пах-пах» әнін бір тыңдаған сәтте, бірден оның сөздерін толық ұғынып алу қиын. Жеңіл-желпі ән сөздері өзара ұйқасып жатқанмен, тыңдарман оның түп негізін түсінбей жатады. Тыңдарман қауым киелі өнер сахнасында бой көрсетіп жүрген Айқынның «Пах-пах» әнін сапасы сұйық әндердің қатарына жатқызуда. Журналистер Айқыннан алдағы күнде ән сөзіне мән беріп, оның қадірін бұзбауын өтінген болатын.

Ойнақы «Пах-пах» әнін Равиль Кіршібаев жазған. Равиль әнді ескі сарынмен емес, жаңа, заманауи бағытта жазып, қарапайым сөздерді қолданады. Бұл ән Айқын қолына тиген соң, бірден жазылады. Көп ұзамай бейнебаян түсіріліп, көгілдір экраннан көрсетіле бастайды. Әннің хитке айналуы, бәлкім, үздіксіз телеарналардан көрсетілуінен болар?! Әнші баспасөз өкілдеріне берген бір сұхбатында: «Мен бұл әнді өзімше нақышқа салып айттым. Мүмкін, сондықтан болар, көп жандар ән мәтінін түсіне бермейді. Әлде менің дауыс ырғағымнан ба екен?!» деп еді. Айқынның пікірінше, ән мәтінінде өрескел сөз жоқ.

Қалай болғанда да, «Пах-пах» жастардың көңілін көтеретін ән. Осы күнге дейін мұңды әндер орындаған әншінің көңілді ән айтуы мұң екен, халық шулап қоя берді. Мағынасы жеңіл болғанымен, үлкен сұранысқа ие. Кейбір шараларда әнші бұл әнді халық сұрауы бойынша бірнеше мәрте орындайды екен. «Талғамға талас жоқ» дегендей, бұл әннің де өз тыңдарманы бар.

Пах-пах

Орындаушысы: Айқын Төлепберген

Әнін жазған: Равиль Кіршібаев

Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс.
Шат-шат-шат, қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегіммен сүйіс,
Созылған кірпігімнен күй ұш.

Пах-пах-пах, жүрегім жалқыды,
Сенің қиялыңнан бұл денем балқыды.
Ояттым ауқымды, ұмыттым шартымды,
Бұндай ғажап иіс құштар етер әркімді.
Пах-пах-пах, көркіңе тәнтімін,
Дәмін сезгім келеді тәніңдегі қантыңның.
Жанарың жарқылын, басылмай ауқымым,
Іздеймін өзіңнен, көзқарасыңнан, күнім,
Сезім алау ұсыңды, сүйем нәзік мүсінді.
Жаулап алсам деймін, сенің есіңді (менің есімді),
Күлімдейсің бірақ, ішімде мың сұрақ.
Буырқанып қанып, өз ойыңнан ұяласың,
Жанып сөніп шырақ.

Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,
Шат-шат-шат, қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегіммен сүйіс,
Созылған кірпігімнен күй ұш.

Пах-пах-пах, бәрі сенің еркіңде,
Жаныма жол тауып өтуге.
Сәнің, тәнің, талғамың өзіңде,
Және мендей жігіттің қарсы емессің ерітуіне.
Пах-пах-пах, қандай асау шіркін,
Маған жағатын бар екен-ау мінез-құлқың.
Саған әдейі арналған әдісімді білсең,
Жеңіл әзіліммен туған тазандырар күлкің.

Сезім алау ұсыңды, сүйем нәзік мүсінді.
Жаулап алсам деймін, сенің есіңді (менің есімді),
Күлімдейсің бірақ, ішімде мың сұрақ.
Буырқанып қанып, өз ойыңнан ұяласың,
Жанып-сөніп шырақ.

Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс.
Шат-шат-шат, қиялыма ілес
Қандай ыстық жүрегіммен сүйіс
Созылған кірпігімнен күй ұш...

Суреттер: 13plus.kz, smg.kz

Ғ. Ұзақ