- Негізгі бет
- Музыка
- Айгүл Иманбаеваның жүрегіне...
Айгүл Иманбаеваның жүрегіне жол тапқан адам кім?
Естеріңізде болса «А.И» театры «Темір қатын» комедиясының премьерасын осыдан бірнеше жыл бұрын қойған еді. Өзбек драматургі Шараф Бошбековтың «Темір қатын» қойылымында театр актерлері Айгүл Иманбаеваның, Қадырғазы Қуандықов, Жұлдызбек Жұманбайдың, Әсет Иманғалиевтің, Гүлжамал Қазақбаеваның өз рөлдерін шебер ойнағандығын БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын.
Көрермен әрқашанда Айгүлден ерекше жаңалық күтеді. Айгүл де өзінің көрерменін әрдайым жаңалығымен таңғалдырудан жалыққан емес.
Алғаш «А.И» театры шымылдығын Жан Ануйдің «Медея» спектаклімен ашқаны да есімізде. Белгілі Режиссер Қуандық Қасымовтың режиссерлығымен қойылған «Медея» спектаклі соңғы екі жылда бірнеше халықаралық байқауларда бас жүлдені иеленді. Қанжығалары майланған театр ұжымы алдағы уақытта да үлкен халықаралық байқауларда бақ сынауды жоспарлап отыр.
Наурыз айында «А.И» театры Дулат Исабековтың «Әпке» спектаклін қоймақ. Бүгінде театр ұжымы премьераға қызу дайындалып жатыр. Айгүл Иманбаева театр сахнасында өзінің болмысын ашатын, оң жамбасына келетін рөл ойнауды армандайтынын жиі айтады. «Әпке» қойылымында басты рөлді ойнайтын Айгүл Иманбаеваның «Әпкесі» сәтті шығатынына күмәніміз жоқ.
Өткен жылдың соңында Айгүл Иманбаева Астана қаласында «Сен ғана...» деп аталатын жеке концертін берді. Бұл концерт таяуда телеарналардан көрсетілді. Өнер иесінің балалық шағынан бүгінгі күніне дейін қамтылған шығармашылық кеште көрермен Айгүлдің ән әлеміне бірге саяхат жасады, әдемі ән, әсерлі поэзия, көркем сөз тыңдап қайтты.
«А.И» театрын бір өзі сүйреп жүрген Айгүл шоу-бизнесте атақ-абыройдан кенде емес. Эфирде камераға еркелеп, санқырлы образда көрінетін Айгүл болашақта «Сұлтан Сүлеймен» сериалындағы Хюрем сұлтандай кейіпкердің рөлін ойнауды армандайды. Арманын мақсатқа айналдыра білетін, мақсатын жүзеге асыра білетін актриса бұл арманына да жетеді...
Айгүлдің күн демей, түн демей атқарып жүрген еңбегін шексіз тізе беруге болады. Телевидениедегі түсірілімдер, театрдағы үздіксіз дайындықтардан шаршамайтын Айгүл өміріндегі ең қымбат жандар анасы мен баласына көңіл бөлуге де уақыт табады. Осындай күнделікті сансыз тірліктен актриса өзінің жеке өміріне уақыт таба алмай жүргендей.
Өзінің құрбысы белгілі продюсер Баян Есентаева Айгүлді «гиперталант иесі» деп баға берген еді. Ендеше осындай гиперталантты жан өмірдегі үлкен бақытқа лайық екені даусыз. Бұған Айгүлдің өзі не дейді?
– Өмірдің заңдылығы болар, өмірде әйелдің бәрі өзінше актриса. Өкпелесек те, өтірік күліп, өзегімізді өкініш өртесе де, өзімізді бақытты етіп көрсетуге тырысамыз. Ал өмірде қандай актрисасыз, бақыттысыз ба?
– Мен өмірде актриса бола алмайды екем, өзімді-өзім алдап өмір сүре алмаймын. Осы уақытқа дейін өмірде қилы-қилы белестерден өттім. Сондағы түйгенім, адам үшін ең үлкен бақыт – жанның тыныштығы екен. Жүректе кек сақтамай, кешіре білу бақыт, жүрегіңнің қалауын тыңдап, дер кезінде шешім қабылдай білу де бақыт. Өздеріңіз білесіздер, әкем екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасты журналистер асыра сілтеп көрсетіп, түрлі алыпқашпа әңгімелерді сан-саққа жүгіртті. Бірақ мен бұған да сабырлылықпен қарауға тырыстым. Өткен өміріме, тағдырыма, ешкімге өкпем жоқ. Егер өнер адамы өмірде бақытсыз болса, ол сахнада, эфирде көрерменді алдайды. Кейде бақытты болу үшін өз тағдырыңа қарсы шығуға да тура келеді. Мен де өз тағдырына қарсы бағытта жүргендердің бірімін. Егер мен олай етпесем, бақытсыз әйелдердің бірі болар едім. Өзіңіз айтқандай, бақытты көрінгісі келетін әйелдің бәрі бірдей бақытты емес. Өйткені өмір тек бақыттан ғана тұрмайды. Ең бастысы, бақытты сәттеріміз көп болсын! Жұрттің бәрі Айгүл неге жалғыз жүр деп ойлауы мүмкін. Бірақ маған дәл қазір балам ержеткен шақта біреуге ғашықпын, жігітім бар деген сөздер жараспайды да. Сондықтан жүрегіме жол тапқан адам туралы ештеңе айта алмаймын.
Автор: Айнұр Сенбаева
Сурет: alashainasy.kz, kazmedia.org, bmtv.kz