Көктемнің мерекелік күндерінде «Астана Опера» Камералық залында «Әйелдің махаббаты мен өмірі» атты музыкалық кеш өтпек. 9 наурыз күні елорда тұрғындары мен қонақтарын театрдың жетекші солисі, танымал әнші-сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, сонымен бірге айтулы аспапшылар өз өнерлерімен қуантпақ.
«Музыка және оның шығарушылары туралы» топтамасының концертіне музыканттар: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаттары Жібек Сапарғалиева (флейта), Асқар Мұқанов (виолончель), Әбдіахмет Оразбақов, Раушан Бескемпірова (фортепиано) қатысады.
Тыңдарман назарына неміс романтик-композиторы Роберт Шуманның шабытқа толы шығармалары ұсынылады. А.Шамиссоның сөзіне жазылған дауыс пен фортепианоға арналған «Әйелдің махаббаты мен өмірі» атты вокалдық топтама, ор. 42 шырқалады. Аталған туындыда автор жас бойжеткеннің есеюі: алғашқы кездесуі, некелесуі, үйлену тойы, ана бақытын сезінуі мен сүйіктісін жоғалтуы туралы қарапайым оқиғаны баяндай отырып, әйел тұлғасына, оның жан-жүрегінің сырлы түпкірлеріне көңіл бөледі. Р.Шуманға шабыт сыйлаған – жауапты махаббаттың шаттығы. Сегіз әннен тұратын топтама 1840 жылы композитор қаншама күш-жігерін салып сүйген әйелі – атақты пианист Клара Виктің оң жауабына қол жеткізген кезде жазылған болатын.
Осы туынды Айгүл Ниязованың репертуарында ерекше орынға ие. «Астана Опера» жетекші солисі алтыншы «Жезтаңдай бұлбұл» камералық ән салу халықаралық байқауында атақты вокалдық топтамадан нөмірлер орындап, танымал байқау тарихына Қазақстаннан шыққан жалғыз лауреат ретінде енген.
- Р.Шуман туындыларының негізгі идеясы – бақыт. Мұнда әйел жанының құпиялығы беріліп қана қоймай, оның бойындағы ішкі күш-қуаттың көп екені көрсетілген. Соңы қайғылы болғанына қарамастан, шығарма тамаша аспаптық постлюдиямен аяқталады, оның әуенінен жарқын болашаққа деген сенім ноталары орын алады. Осы тебірентер аянышты тарих шынайы да әсерлі үн қатады. Шынайы сүйе білген әрі махаббатына қол жеткізе білген Р.Шуман асқақ сезімді терең ұғынып, осындай керемет туындыны жазған. Осы музыкада вокалдық және аспаптық партия өзара тығыз байланысқан, әнші мен пианист алдында ансамбльдік орындаушылық тұрғысынан үлкен міндеттер қойылған. Оның үстіне неміс тілінде ән орындаудың өзіндік күрделі ерекшелігі бар, оған айрықша ырғақ, интонациялық дәлдік пен фонетикалық анықтық қажет, - деді Айгүл Ниязова.