Айдарбек Рысбек: "Мен ешқандай да байдың баласы емеспін"

Бүгінде жастардың сүйіп тыңдайтын әншісіне айналған Айдарбек Рысбекпен болған сұхбатымызды ұсынамыз. Жас әншіден шығармашылығына байланысты жаңалықтары мен алға қойған жоспарлары жайлы сұраған едік.

Айдарбек, өзіңізбен таныстыра кетсеңіз, қай жақтың тумасысыз? Өнерге қалай келдіңіз?

- Мен Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Шелек ауылында 1989 жылы дүниеге келгенмін. 1992 жылы Алматы қаласына қоныс аударыппыз. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң міне, сегіз жылдай уақыт болыпты, шығармашылыққа бет бұрдым. Сөйтіп, Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектепті бітіргенмін. Одан кейін 9 сыныптан соң Петр Ильич Чайковский атындағы музыкалық колледжін альт-қобыз аспабы пәні бойынша бітіріп шықтым. Негізінде мен ол кезде эстрада-вокал сыныбына түскім келген еді, бірақ жасым сәйкес келмеген соң ғана қобызда ойнау мамандығында болдым. Бұдан кейін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының эстрада-вокал бөлімін былтыр аяқтадым. Әдемі Аюпханова апайымыз тікелей ұстазым. Әр мұғалім өз аспабы бойынша өнерді жалғастырғанымды қалады, бірақ мен үшін альт-қобыз қиын аспап болды, көңілімнен де шықпаған еді. Дәл осы уақытта мен жолымды таппай жүрген шағым болатын. Кейін Төлешова Люция Қажығалиқызының жетекшілігінде оқыдым. Отбасымызда үш ағайындымыз. Әпкем және інім бар. Олардың өнерге еш қатысы жоқ. Өнерім, меніңше, әке-шешемнен дарыды. Әкем домбыра, гитара аспаптарында ойнайды.

Қазірде сіздің әндерді хит десек әбден болады. Бірақ сіздің танымалдылығыңызды Айқын Төлепберген, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас сияқты қазақ жұлдыздарымен салыстыру қиын.

- Иә, өйткені мен жеке жұмыс жасаймын. Менің продюсерім де жоқ. Мәселен өзіңіз айтқан Әли Оқаповтың да, Қайрат Нұртастың да өмір жолында бірге жүрген кереметтей продюсер болып, ақыл айта алатын адамдары бар. Бұл жамандау емес, олардың тек өзгелерге қарағанда тез танымал болып, өнер жолына түскендігі аналарының арқасы емес дей алмайсыз. Ал менде ашық тұрған жол болмаған. Мен басқалардың емес, өз әндерімді айтамын. Белгілі ақындар да, жаңадан шығып жатқан ақындар да жазған өлеңдерге өзім ән шығарып орындаймын. Солардың ішінде Хамза Көксебек ағамызбен жұмыс жасаймыз.

Бұдан бөлек, мүмкін, жарнаманың: интернет арқылы, БАҚ арқылы дұрыс жасалмауы да себеп шығар?

- Бар, әрине, өнерде жүрген аға-әпкелеріміз бұл жағынан көмегін беріп жатыр. Оған қарамастан, оқу-оқу деп жүріп, жеке шығармашылыққа дұрыс көңіл бөлінбегені де бар. Бірақ менде бір арман бар, ол арманды өнерде жүрген әрбір адам да айтады – халықтың алдында өз өнерімді көрсетсем екен, сүйікті әншіге айналсам екен деген арманым бар. Әлі де қаншама жоспар мен армандарым бар. Құдай қаласа, жетем деген үміттемін.

Сіз кімдерді тыңдап өстіңіз? Ән салу өнерінің де белгілі бір жанры, саласы бар. Соның қайсысындамыз деп ойлайсыз?

- Әрине, МузАРТ, Жігіттер квартеті, жеке әншілерден Рамазан Стамғазиев сияқты ағаларымыздың әнін тыңдап өстік. Бірақ кейінде мен өз жолымды нақты таңдадым десек те болады. Себебі Жүргенов өнер академиясына түскен әрбір өнерпаз бірден өзгере бастайды. Шетелдік әндерді де, әлемдік классиканы да тыңдай бастайды. Менің негізгі бағытым – жаңа заманауи эстрадалық әндер. Бұған дейін той әндеріне көңіл бөлмегенмін. Осы таяуда ғана тойға арналған бір ән шықты. Тойда жүреді-ау деп ойламаған ән «Ақ отау» деп аталады. Қытайдағы ән авторынан рұқсат алып, соны орындадым да. Бұйырса, бейнеклипті де түсіреміз. Осыған дейін «Айтшы маған» деген әніме бейнебаян түсіріп біттік. Енді тыңдармандарға таяу арада жететін де болады. Miko Upgrade түсірген бейнеклип «Муз Тв», «Гәкку Тв» сияқты арналардан беріледі деп жоспарланып отыр. Ал осыдан кейін біз айтып отырған «Ақ отау» деп аталатын той әніне бейнебаян түсіреміз.

Той әніңіз де «Қызыл өрік», «Мария арман едің» сияқты хитке айналса, тойға шақыратындар көп болар? Бір кешке барып өнер көрсетіп беру құныңыз қанша? Жалпы райдеріңіз бар ма?

- Тойға шығамын, бірақ әзірге баға құпия болсын. Өйткені әр кезде әрқалай жағдайлар болады. Егер әншіні халық ұнатып, шақыратын болса міндетті түрде үлгеріп баруға тырысамыз. Қатып қалған бір бағаны айтып алып, бұдан кем болса шықпаймыз деген жоқ, әйтеуір жолын табуға тырысамын.


Байқауымызша әлеуметтік желілерде сіздің атыңыздан көптеген аккаунт пен топтар ашылып қойған. Ал өзіңіз желіні көп қолданасыз ба?

- Көбінде желіде менің администраторым отырады. Ол өзі менің досым. Ал көбінесе өзім Instagram, Vk.com желілеріне кіремін.

Желіде еліміз бойынша ең көп оқырманы бар «За тебя, Бәке» деген жоба жұмыс жасайды. Осы топпен бірігіп бір бейнебаян жаздырғаныңызды да білеміз. Бейнебаянда басты рөлді сол топтың идея авторы Марғұлан сомдады. Бұл сіздердің жасаған PR қадамдарыңыз ба? Әлде достық қарым-қатынастарыңыз ғана ма?

- Мен бір уақыттарда Азамат Түймебаев есімді жігітпен бірге жұмыс жасаған болатынмын. Сіз айтып отырған «Нағыз махаббат» деген әнге, шыны керек, бейнебаян түсіреміз деген ойда болған жоқпыз. Сол Азамат есімді досым Марғұланды таниды екен. Сөйтіп, көше әніне әзілмен сондай бейнебаян түсіріп те көрдік. Бейнеклип ешқандай да телевизиялық нұсқа емес, тек интернет нұсқасы қалпында таралып кетті. Ол үшін, әрине, Марғұлан бауырыма алғысым шексіз. Онымен қазір де жақсы қарым-қатынастамыз.

Енді алдағы мақсаттарыңыз бен жоспарларыңызды интернетпен байланыстырып жасауға бола ма екен? Интернет арқылы қандай да бір жоба дайындап көруге қалай қарайсыз?

- Әрине, бұйырса жеке сайтымызды да ашып, жарнама жұмыстарын осы интернет бетінде жасауға талпынамыз. Интернетте көбінде жастар отырады. Менің тыңдармандарымның басым бөлігі де осы жастар. Бірақ онымен дәл қазір бастап айналысып кету қиын, себебі онымен расында әншінің өзі емес, әншінің продюсері, директоры, PR-менеджерлері айналысады. Сондықтан да әнімнің таралымы аз әрі жарнамасы жоқ болып отыр деп ойлаймын.

Үйіңізде жеке студияңыз бар екен. Тойға көп шықпайды екенсіз. Сіз байдың баласысыз ба деген сұрақ туындайды.

- Жо-жоқ, мен қарапайым отбасыдан шыққанмын. Әкем - көлік жүргізушісі, ал анам үй шаруасында. Мұнда айтқым келетіні, адамда қызығушылығы, қалауы болса, ол міндетті түрде өзінің көздегеніне жетеді. Жастайымнан сондай құлшыныс болды, оқып жүріп-ақ кейбір ұсақ жұмыстармен айналысып, өзім музыкалық аппаратурамды сатып алғанмын. Содан ән жазу, аранжировка дайындау сияқты істермен айналысып жүріп тағы да стдуиямды толықтырып алғаным бар.

Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай

Сурет: Айдарбек Рысбектің жеке мұрағатынан