- Негізгі бет
- Музыка
- Айбек Байназаров: «Мен енді сахнаға AYBA деген атпен шығамын»
Айбек Байназаров: «Мен енді сахнаға AYBA деген атпен шығамын»
Редакциямызға қонақ болып бұрынғы "Майкл Джексон" Айбек Байназаров, қазіргі әнші AYBA келді. Жақында ғана Ғалымжан Молданазармен және Қайрат Түнтековпен бірігіп бейнебаян түсірген оның әншілік өнер жолындағы жаңалықтармен таныс болыңыз.
- Экраннан көрінбей кеттіңіз ғой?
- Иә, ізденіс үстінде болдым. Бұрынырақта, мәселен, КВН-де жүргенімде көбінде Джим Керридің образымен жүрдім. Кейін Майкл Джексонды көшіріп салып көрдім. Ол менің табиғатыма жақын болғандықтан солай. Әйтпесе жылтыраған дүниенің бәріне жабыса беретін әдетім жоқ. Сұрағыңызға оралсам, қазіргі таңда әндерімді жазып, дайындап жатырмын. Бейнебаян да жақында дайын болады. Өзім енді Айбек деген атпен емес, сахнаға AYBA деген атпен шығатын боламын. Бұл аттың шығуы да белгілі сияқты ғой, есімім мен тегімнің алғашқы екі әрпінің қосындысы. Әндерімнің жанры музыкалық тілмен айтқанда фанк стилінде болмақ. Мұнда айым, күнім, жаным деп емес, жаңашыл, қызықты бір құбылыстарға, оқиғаға байланысты тақырыптар болады.
- Ғалымжан Молданазармен бірігіп жұмыс жасап жатыр екенсіз. Қандай жобалар дайындап жатырсыз?
- Ғалымжанмен бірге жұмыс жасап жатқаныма екі жылдай уақыт болып қалды. Сол екі жылдың төңірегінде бір студияны алып, әндер жазу үстіндеміз. Онымен «Орда» тобының қарамағында жұмыс жасап жүргенімізде таныстық. Бірақ Ғалымжан Молданазар менің тек музыкалық продюсерім. Басқа да шығармашылықтағы ұмтылыстарыма дем беріп, көмегін аямай жүр. Өзім осыған дейін көп ізденіс үстінде болдым. Өзіме шығармашылық жағынан сай, жақын адамдарды іздегенімде осы Ғалымжанмен біріктім. Өмірде де дос ретінде араласып тұрамыз. Тіпті бір үйде тұратынымыз да жасырын емес, сол үйімізде өзіміздің студиямыз бар. Шығармашылық процесс қызу жүріп жатыр.
- Бір альбомға сиятын әнім бар дедіңіз. Бұл әндерді ешбір телеарнадан байқамадық. Сізді экраннан қашан көреміз?
- Алла бұйырса, осы жылы дайын болады. Көріп, бағаларыңызды бересіздер. Әзірге бейнебаян мен әндердің атауын айтпай-ақ қояйын.
- Сізді ең бірінші КВН-нен таныдық қой. Қалай ойлайсыз, халық сізді енді әнші ретінде қабылдай ала ма?
- КВН маған бірінші кезекте өнерге ұмтылуыма түрткі болды. Актерлікті де, әншілікті де зерттедім. Сахнаға шықпасам өз-өзімді сезіне алмайтын дәрежеге де жеттім. Сол үшін де өткеніме өкінбеймін, керісінше алғыс айтамын. Мені халық әнші ретінде танитын болады деп ойлаймын. Жалпы, «әнші ретінде қабылдамаймын», «әзіл-сықақтағы адам» десе де бұл менің көңіліме тимейді. Себебі әркім өз талғамымен, өз парасат биігімен өлшейді ғой. Мәселен, маған бір кісі «Майкл Джексонда нең бар, «Қара жорғаны» билемейсің бе» дейді. Мен арнайы биді оқымасам да оның 141 түрін билеп беремін. Бірақ мәселе онда емес қой, мен өз табиғатыма жақын, көңілім қалаған өнерде жүргім келеді. Және егер сол өнер жарасымды әрі сәтті шығып жатса неге тырысып көрмеске?
- Қазір тойға шығасыз ба? Құпия болмаса «ставкаңыз» қанша?
- Тойға әзілмен немесе басқамен, асабалықпен емес, тек әнмен шығамын. «Ставкам» мың доллар.
- Продюсерсіз жұмыс жасау қиын емес пе? Продюсер табылып жатса қалай қарайсыз?
- Продюсерлермен жұмыс істеу өте қиын. Мәселен бір продюсер келіп, мынадай бір ән айт десе, ал маған ол ән ұнамаса мен айта алмаймын. Табиғатыма, талғамыма жақын ән болмаса мен продюсер сызып берген жоспармен жүре алмайды екенмін. Қаншалықты қиын болса да, аман болсақ, өз күшімізбен шығуға тырысамыз. Тіпті өзіміз бейнебаян түсіретін продакшн ашуды көздеп отырмыз.
- Жеке басыңызға өтсек, әзірге бойдақ екенсіз. Үйленіп, үй болуға асықпайсыз ба?
- Алла бұйырса осы жылы үйленемін бе деген ой бар.
- Айтпақшы, әлеуметтік желіде көрінбейсіз?
- Мен енді сөздің шыны керек, Вконтакте желісіне тіркеліп қойғанмын. Онда да көп кірмеймін. Ал басқа Instagram сияқты желілерде отырып, суретке қайта-қайта түсе бергім келмейді. Менде оған уақыт та жоқ. Мен көбінде жасырын, өз жолыммен, өз тыңдарманыммен жүргенім жақсы деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет, бақытты болыңыз.
Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz
А. Құлтай