- Негізгі бет
- Музыка
- «Аялаған Астана» байқауына...
«Аялаған Астана» байқауына іріктеу басталды
Бүгін Алматыда III жас поп орындаушылырдың «Аялаған Астана» ұлттық байқауы шеңберінде іріктеу кезеңі басталады. Тілек білдірушілер А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатқа келе алады. Бас жүлде алған жас орындаушыға – жылсайынғы халықаралық музыкалық «Балалардың Жаңа толқынына» жолдама беріледі.
Наурыз-сәуір айларында еліміздің барлық аймақтарында жас поп орындаушылырдың ұлттық телевизиялық музыкалық «Аялаған Астана» байқауының іріктеу кезеңдері өтеді.
Жобаға 8 бен 12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап еліміздің 15 қаласында іріктеу кезеңі өтеді: Алматы – 27,28 наурыз, Талдықорған – 29 наурыз, Тараз – 31 наурыз, Шымкент – 1 сәуір, Қызылорда – 2,3 сәуір, Өскемен – 4,5 сәуір, Павлодар – 6 сәуір, Көкшетау – 8 сәуір, Петропавл – 10 сәуір, Қостанай – 12 сәуір, Орал – 14 сәуір, Атырау – 16 сәуір, Ақтау – 18 сәуір, Ақтөбе – 19 сәуір, Қарағанды – 22 сәуір, Астана – 24,25 сәуір.
Жобаның ақтық мәресі 4-6 шілде аралығында елорда күні қарсаңында Астана қаласында өтеді. Үш күннен тұратын жарыста қазылар алқасы бір жеңімпазды таңдайды. Конкурсты тікелей эфирден «Қазақстан» телеарнасы көрсетеді.
«Аялаған Астана» - республиканың барша аймағынан жиналған талантты бүлдіршіндерді тәрбиелеп, ел мақтанышына айналдыруды мақсат ететін бірегей жоба. Аталмыш жоба еліміздің барлық облыстарын аралап, дарынды бүлдіршіндерді іздеп қана қоймай, таланты мен мүмкіншілігін үлкен сахнаға тәрбиелеуді көздейді. Бұл байқаудың балаларға өз өнерін кең аудиторияға паш етуіне үлкен мүмкіндік береді.
«Аялаған Астана» байқауы үш кезеңнен тұрады: іріктеу кезеңі, жартылай финал, финал. Бұл жобаның ерекшелігі – байқауда еліміздің тек үлкен қалаларынан емес, республиканың шалғайдағы барлық аймақтарының жас бүлдіршіндері өз бақтарын сынай алады. Жоба ұйымдастырушылары ел арасындағы шынайы талант иелерін табуды мақсат етеді.
Жоба ұйымдастырушылары: Астана қаласының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы. Бас ақпараттық серіктесі: «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы. Бейне материалдарды мына сілтеме арқылы көре аласыздар.
Ендеше, бағымды сынаймын, оза шауып, бәйге алып, Астана төрінде ән шырқаймын деген жолдастарға жол болсын дейміз. Сәттілік!
Е. Жұмабайұлы