Жылқының басынан жасалған домбыра туралы телебағдарламадан үзінді ғаламторға былтыр салынған екен. Бірақ әлеуметтік желінің қолданушылары оны әлі күнге дейін бөлісіп жатыр.
Сөз саптауларына қарағанда, бұл Қытайдағы қазақ телевизиясының бағдарламасына ұқсайды. Онда жүргізуші ауыл ақсақалы түрлі материалдардан жасалған домбыралар мен басқа да музыкалық аспаптарды таныстырады. Олардың ішінде, әрине, домбыра ерекше. Бағдарламада шанағының асты жылқының басынан жасалған домбыраға айрықша тоқталып өтеді.
«Жасым алпысқа келсе де, осыны ұрпақтың кәдесіне жарасын деп жасадым. Мұндай домбыраның қазақта бұрындары болғанын естідім. Ата-бабаларымыз соғым сойса, малдың басын ағашқа, жарға, тасқа іліп қоятын. Ал кейін одан түрлі бұйымдар жасаған», - дейді ақсақал.