«Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев 14 қарашада астаналық театрдың Камералық залында алғаш рет өзінің жеке концертін береді.
Медет Шотабаев Марио дель Монако атындағы академияда (Пезаро, Италия) Рената Тибальдимен көпшілік назарын аударатын вокалдық шеберлігін шыңдаған. Оның талантын шыңдауға Нұрлан Көшеров, Бекен Жылыспаев, Шахимардан Әбілов және Марио Мелани сияқты отандық және шетелдік кәсіпқойлар баға жетпес үлес қосты.
Оның қоржынын толтырған опералардағы басты партиялар: Дж.Вердидің «Риголеттосында» (Герцог), «Травиатасында» (Альфред), Г.Доницеттидің «Махаббат шырынында» (Неморино), Дж.Пуччинидің «Богемасында» (Рудольф), «Баттерфляй ханымында» (Пинкертон), «Тоскасында» (Каварадосси), П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» (Ленский) және т.б. олардың бір бөлігін М.Шотабаев еуропалық сахналарда орындаған.
Қазақстандық тыңдарманға қызықты бағдарлама ұсынылады, атап айтқанда, Г.Гендель, Ж.Массне, Дж.Верди, П.Чайковский, Н.Римский-Корсаков, С.Рахманинов, Дж.Россини, П.Соросабаль ариялары мен романстары шырқалады.
- Жеке концерт өткізу үшін ұзақ уақыт дайындалдым, енді бұрынғы арманымды іске асыратын кез келді. Гастрольдерге, қойылымдарға қатысатын тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, мен концертке дайындық жасауға көп көңіл бөлемін. Алдағы уақытта өтетін концертімнің афишасын көрген Бразилиядағы, Италиядағы, Ресейдегі және Қазақстандағы әріптестерім хабарласып, шараның жақсы өтуіне тілек білдіргенде, бұл мен үшін күтпеген қуаныш болды. Концерттің бағдарламасын менің тұрақты орындап жүрген репертуарларыма орай, ондағы барлық жанрдың ең жақсы шығармаларын жинауға тырыстық. Бұл концерт өз жалғасын табады және мен оны Қазақстанның басқа қалаларында көрсетемін деп ойлаймын, - дейді Медет.
Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева орындайды.
- Медет қазіргі кезде жақсы шеберлік деңгейде. Оның репертуары кең, Қазақстанда сирек кездесетін әншінің даусы еуропалық типке жататындықтан, оның орындауында еуропалық шығармалар көбірек. Алдағы уақытта өткізілетін жеке концерт бұл – оның шеберлік деңгейінің есебі, көрермен алдындағы, әріптестер алдындағы есебі, бірінші кезекте,бұл оның өзіне-өзі есеп беретін концерті,- деді концертмейстер.
Жақында әртіс Женевадан (Швейцария) оралды, онда ол әйгілі Grand Theatre de Geneve театрында (Женеваның Үлкен театры) сыннан өтті. Өнер ордасының директоры оның даусына жоғары баға беріп, театрдың келесі маусымында Дж.Пуччинидің «Богема» операсында өнер көрсетуге шақырған. Тура бір айдан кейін Медет Шотабаев осы операның партиясын италиялық «Карло Феличе» театрында орындайтынын естеріңізге саламыз, оны және «Астана Опера» театрының басқа да солисттерін әйгілі маэстро Джузеппе Акуавиа (Генуя) шақырған еді.
Әнші Медет Шотабаев осыған дейін Глинка атындағы XXIII халықаралық байқауының I дәрежелі сыйлық иегері атанған. Сонымен қатар, Мәскеудің ең үздік тенор ретіндегі арнайы жүлде иегері, «XX ғасыр өнері» халықаралық байқауының және Румынияда өткен Х.Даркле атындағы халықаралық вокалистер байқауының Бас жүлделерін иеленген, Парижде өткен «Болашақтың үздік дауысы» халықаралық байқауының III дәрежелі сыйлық иегері.
Концерттің басталуы –18:00, билет бағасы 1500 теңге.