"Астана жұлдызы" аталған алғаш кәсіби музыкалық бәйге жақында Астанада өтті. Ол Астана күні қарсаңында, ел астанасының тұрғындарына сыйлық ретінде ұйымдастырылды.
Кәсіби, сапалы музыка мерекесіне айналған кеш америкалық "Грэммидің" баламасы болды. Шілденің 5-і күні отандық музыка, шоу-бизнеске қатысы бар әртістер, әншілер мен продюсерлер осы жерден көрінді.
Қонақтар "Қазақстан" концерт залына лимузиндармен келіп жатты.
Кеш "Қызыл жол" рәсімімен басталды. Жұлдыздар сәнді көйлектерін киіп, концерт залының алдында төселген қызыл жолмен жүріп өтті. Бұған себелеп тұрған жаңбыр да кедергі болмады.
Болат Мажағұлов, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы "Астана жұлдызы" ұлттық музыкалық бәйгесінің бас ұйымдастырушыларының бірі болды.
Бәйге 15 аталым бойынша іріктеліп алынған 45 үміткерлердің арасында жүргізілді. 100 әділ қазы өздерінің шешімдерімен лайықты деген жұлдыздарды таңдады.
"Астана жұлдызы" ұлттық бәйгесінің жүлдесі – жоғары ағып бара жатқан жұлдыз пішінді алтын мүсін.
Кештің жүргізушілері Жұбаныш Жексенұлы, Нұрлан Абдуллин, Баян Есентаева және Динара Сәтжан әдеттегідей әзілдеп, жиналған қауымның көңілін көтерді.
Шетелден арнайы осы кеш үшін шақыртылған жұлдыз – украиналық әнші Джамала. Джамала өзінің репертуарынан 2 ән айтып берді.
Мына жерден "Астана жұлдызы" ұлттық музыкалық бәйгесінің жеңімпаздарымен таныса аласыздар.
Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова