- Негізгі бет
- Музыка
- Астана арнасы қазақ...
Астана арнасы қазақ бейнеклиптерін тегін насихаттайтын болды
Бүгін Астана телеарнасы арнайы жобалар бөлімінің бастығы Ильхам Ибрагим өзінің туиттердегі парақшасы арқылы "Су жаңа сапалы клиптерге ротация тегін! Қазақ тілінде болуы керек. AstanaTV-ға әкеліңіздер!" деп мәлімдеме жасады. "Қазақ эстрадасы жұлдыздарын серіктесе жұмыс істеуге шақырамыз. Қазақ әншілерін қолдау мақсатында ең сапалы клиптер эфирде тегін көрсетіледі!" деп жалғады Ильхам өз сөзін туиттерде.
Бұл қазіргі шоу-бизнесті елең еткізері анық. Өйткені бейнеклиптің көгілдір экраннан жарқ етуі бір атанның құнын сұрамаса да, қалтаға салмақ салып, өнер әлеміне талпынған талапкердің тауын шағатыны рас. Киелі сахнаны қалталының "аузы қисық" баласы билеп-төстеп, жынойнаққа айналдырғаны да осындай әрекеттерден туып отыр. Қазақ эстрадасын өрге сүйреп жүргендермен қатар, өзін көрсеткісі кеп тайраңдаған көп "әншісымақтың" қаптап кеткенін біз сияқты қарапайым көрермен емес, сол өнер өкілдерінің өздері әлдеқашан мойындап та қойған.
Ақшаң болса қалтаңда бәрі де мүмкін бұл заманда Бас қаламен аттас арнаның бұндай батыл шешімге барып отырғаны көңіл қуантады. Көңілді қуантып қана қоймай, былығы мен батпағы көп қазақ өнерін өрге сүйрейді деп үміт етеміз. Дегенмен қазақ әншілерін өрге өрлетеміз деп білек түрген астанатв-лықтар "сапалы клипті" қалай таңдап, қалай сараптайтыны бізге беймәлім бір тұс.
Десек те, Аstana TV арнасының осы бір қадамы әншіден қомақты қаржы талап етіп, аузын майлаған өзге отандық арналарға үлгі болса, қанекей?
Дайындаған: Мейіргүл Сержанқызы
Сурет: Ильхам Ибрагимнің туиттердегі парақшасынан
Р. Роза