Әсет Рахманбердиев: "Радио ешқашан ескірмейді..."

Назарларыңызға "Еуропа плюс Қазақстан" радиосының жүргізушісі Асет Рахманбердиевпен болған сұхбатты ұсынамыз: 

1. Өзіңіз жайында және қызметіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

Мен өзім Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің тумасымын. Қазіргі кезде «Еуропа плюс Қазақстан» радиосында радиожүргізуші болып жұмыс жасап жатқан жайым бар. Былай айтқанда RJ-деуге де болады.

2. Сонау кеңестік кезеңдегі қазақ радиосының өркендеген кезімен қазіргі қазақ радиосының хал-күйін қалай салыстырар едіңіз?

Әрине, ол кездегі радио мен қазіргі радионы салыстыруға мүлде келмейді. Біріншіден, қазір коммерциялық радиолар өте көп, сол себепті бәсекелестік те арта түсті! Бәсекелестік сапаның артуына алып келетіні белгілі. Әр радионың таңдап алған өз бағыты мен форматы бар. Соған сай аудиториясы жинақталады. «Қазақ радиосы» болса сол кеңестік кезеңнен бері қатты өзгеріске ұшырады деп айта алмайсыз. Оған үлкен өзгерістің де қажеті шамалы. Себебі, қашанда ұстанып келе жатқан форматы сол – қазақ әуендеріне негізделген. Демек, ол осылайша өзінің тыңдармандарын сақтай білді.

3. «Еуропа плюс Қазақстан» радиосының ұжымы жастардың қажеттілігін қазір қандай әуендермен қанағаттандырып отыр? Немесе радионың жастар аудиториясы көбіне қандай әуендерді тыңдауға құмар? Оның ішінде қазақ әуендерінің үлес салмағы қанша?

Жаңа айтқанымдай әр радионың өзіндік аудиториясы болады. Ал біздің радиода көбінде тыңдарманымыз еуропалық, америкалық, ресейлік әншілердің жұмыстарын ғана тыңдай алады. Ал қазақша әндерге келсек, Ринго, Мистерионс, Орда секілді ұжымдардың әндері көп тыңдалады.

4. Интернет журналистикасы мен телеарналардың дамыған тұсында «радио журналистикасы» тасада қалып қойған жоқ па?

Меніңше радио, радиожурналистика ешқашан тасада қалмайды, ескірмейді. Оған бір дәлел, жыл сайын елімізде жаңадан ашылып жатқан радиолар санының артуы болып отыр. Радионың басқа БАҚ-тан артықшылығы ол уақытты алмайды, жолда, автокөлік ішінде тыңдай бересіз. Өте ыңғайлы. Радионың ұтатын жері де осы. Ал телеарна қарау үшін белгілі уақытыңызды бөліп экран алдына отыруыңыз қажет, интернет те солай. Сол себепті уақыттың аса тапшы мына заманында радионың қажеттілігі арта түспесе кемімейді деп ойлаймын.

5. Десек те олармен бәсекелесудің жаңа заманғы, тың әдістері қандай болуы мүмкін?

Менің ойым – дәл бүгінгі радионың бағытымен-ақ бәсекелістік жасауға болады. Әркім өз жұмысын адал, махаббатпен, жанын салып жасаса, соның өзі жеткілікті деп ойлаймын. 

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Болат Қосмағамбет

сурет: Асет Рахманбердиев