- Негізгі бет
- Музыка
- Артқа қарап ойнайтын...
Артқа қарап ойнайтын алматылық пианинашы Украинада өнер көрсетпек
Қазақстанның белгілі пианинашы-виртуоз Олег Переверзев танымал шоуға шақырту алды.
Пианинашы және Chick Flick тобының қатысушысы Олег Переверзев ақпан айында Украина шоу-бизнесін бағындырмақ. Түсірілім 2013 жылдың ақпанына жоспарланып отыр. Әділ-қазылар алқасында Влад Яма, Слава Фролова, Игорь Кондратюк сынды Украинаның танымал әртістері болады. Шоу украин елінің ең танымал телеарналарының бірі СТБ-ден көрсетілетін болады.
Айта кетерлік жайт, Переверзев осыған дейін белгілі бір классикалық шығарманы YouTube-те ерекше орындап көзге түскен болатын. Бір видеожазбада ол «Полет шмеля» атты атақты шығарманы екі аспапта орындап жұртты таңдандырды.
Кейіннен «Венгерский рапсод №2» атты туындыны артқа қарап орындап жұртты тағы бір таң қалдырса, "Пианист артқа қарап ойнайды" деп жарыққа шыққан видеожазба бірден көрерменін көбейтті. Содан бері оған түрлі шоуларға қатысуға ұсыныстар келіп түсті.
Ол орыстың «Минута славы» шоуына да қатысты. Тек әділ-қазылар алқасында отырған Станислав Садальский қазақстандық музыкантты нотадан ауытқып ойнады деп сынап тастаған еді. Одан кейін Станислав Садальскийдің пікірімен «Давай поженимся» бағдарламасының жүргізушісі Лариса Гузеева да келісе кетті. Бірақ сахнадан нағыз өнерді көрген КВН жүргізушісі Александр Масляков пен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Сергей Юрский қазақстандық музыканттың шеберлігіне тәнті болды.
Міне, нағыз шебер орындаушы енді Украинада еліміздің атынан өнер көрсетпек. Біз де Массагет порталының ұжымы атынан Олег Переверзевтің алдыңғы алып шыңнан сүрінбей өтуін тілейміз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
сурет: yvision.kz
А. Әбілхан