Абзал достардың әнұранына айналған «Армандастар» әнінің жарыққа шыққанына биыл қырық жыл толып отыр. Ән әуенін белгілі сазгер Әсет Бейсеуов, ал мәтінін ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған еді.
1972 жылы Әсет Бейсеуов «Достарға арнап бір ән жазайын» деп ән шығаруға ниеттенеді. Жақын досы Досан Жанботаға сөзін жаз деп қолқа салады. Сазгер досының өтініші бойынша ән мәтінін жазғанша, Әсет Бейсеуов әуенін жазып қояды. Кейін достарын «Қазақконцертке» шақырып, сол жақтағы күйсандыққа отырып, жаңа әуенді тыңдатады. Ән көңілден шығып, оны тыңдармандар жоғары бағалайды. Сол тыңдармандардың арасында ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов та бар екен. Әнді ұнатқан ол: «Рұқсат болса, ән мәтінін мен жазайын» деп өзі ықылас танытады. Ақын ағаның сөзін аяқ асты етпей, сазгер өз рұқсатын береді.
Бұл әнді алғашқы болып ҚР халық әртісі Сара Тыныштығұлова орындаған екен. Бір күні Әсет Бейсеуов әншіге хабарласып, жаңа әннің жазылғаны туралы айтады. Ол кезде әнші «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істеген екен. Сазгер әншіге «Армандастар» әнін табыстағаннан кейін, ол Республика Сарайында өткен концерттердің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалады. Жаңа әнді халық жылы қабылдап, ол елге бірте-бірте тарала бастайды. Кейін «Армандастар» әні Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова т.б. әншілердің әнқоржынына енді.
«Армандастар» сынын бұзбастан жылдан жылға жалғасып, шырқалып келе жатқан әсем ән.
Армандастар
Сөзін жазған: Нұрсұлтан Әлімқұлов
Әнін жазған: Әсет Бейсеуов
Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік,
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік.
Бәріміз де жазылмаған дастан едік,
Армандастар – құрдастар!
Қайырмасы:
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік.
Армандастар қайда?
Абзал достар қайда?
Замандастар, қарлығаштар қайда екен?
Арман қуған, қиял қуған кезің қайда?
Құрбы қыздар, мөлдіреген көзің қайда?
Сол алғашқы алаулаған сезім қайда?
Армандастар – құрдастар!
Қайырмасы:
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік,
Армандастар қайда?
Абзал достар қайда?
Замандастар, қарлығаштар қайда екен?!
Бәрің, достар, әр тарапқа кеттіңдер ме?!
Әлде биік асулардан өттіңдер ме?!
Әлде игі армандарға жеттіңдер ме?!
Қайдасыңдар, құрдастар?!
Қайырмасы:
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік,
Армандастар қайда?
Абзал достар қайда?
Замандастар, қарлығаштар қайда екен?
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: vk.com
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/sMHHo6-RPXo?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});