Биылғы жылдың 7 маусым күні Алматы қаласы Республика сарайының алдында өткізілген The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыканың халықаралық жобасының ұйымдастырушылары фестивальдің DVD-нұсқасын шығарады, деп жазады Tengrinews.kz.
Арнайы екі дисктен тұратын шығарылым жазғы концерттік қойылымның видеонұсқасын қамтитын болады. Сондай-ақ, қатысушылардың студияда орындаған үздік тректерінің жинағы да енеді. The Spirit of Tengri фестивалі ұйымдастырушыларының айтуына қарағанда, жиналған қауым алдында 7 сағаттан артық өнер көрсеткен әрбір қатысушының репетуарындағы үздік әндер жинақталады. Осылай DVD-жинақтағы хронометраж бір жарым сағатқа дейін созылыпты. Соның өзінде әрбір әншінің жанды дауыспен орындаған әндері бір рет те қайталанбайтын болады.
DVD-шығарылымды қолдау мақсатында 26 қараша күні Almaty Towers кешенінде концерт өткізіледі. Концертке келуші қонақтардың қатарында The Spirit of Tengri жобасы арқылы қазақстандық қоғамға аты белгілі "Намғар" (Бурятия Республикасы) және "Арғымақ" (Башқұртстан) топтары да бар. Этникалық сарында өнер көрсететін топтар кешке арнайы бағдарламаларымен келетін болады. Басталу уақыты: 20.00.
Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтардың қатарында белгілі киносыншы Олег Борецкий де бар. «Мен бұл кешке міндетті түрде келемін. Себебі бұл тағы да сол мұхит асты тұнық әуеніне бөлену мүмкіндігі болып табылады. Әрбір ұлт пен мәдениеттің шығу тегін дәріптейтін, тарихтың тұңғиығында жатқан этникалық сарын болады. Міне, осы микс қарапайым техникалық дыбысты ғана емес, дәстүрлі музыкадағы сезімді сезіне білуге итермелейді. Мен үшін ең қызығы осы болып табылады», - дейді Борецкий.
Жыл сайын фестиваль қонағы болатын белгілі тележүргізуші Серік Ақышев та Олегті қолдайтынын білдірді. «Этникалық музыканың заманауи фестивалі расында ауқымды ұлтаралық жоба. Оның жеткілікті тұрақты тыңдаушылары да бар. Аталған фестивальдің жалғасын табуына септігін тигізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Менің ойымша, 26 қараша күні болатын концерт қызықты өтеді және біз даланың сарынымен рухтанатын боламыз», - дейді Ақышев.
Таныстыру концертінде ұйымдастырушылар фестиваль видеонұсқасының кішігірім бөлшектерін көрсетеді. The Spirit of Tengri-2014 DVD-дискі таныстырылғаннан кейін қаламыздың «Меломан» дүкендер желісінде сатылымға шығатын болады. Одан бөлек, әрбір еріктінің аталған DVD-нұсқаны дәл шоудың барысында да сатып алуына мүмкіндігі болады. Ал атаулы концертке кіру билеттері жақын күндерде сатылымға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, екінші рет өткізілген және жеті сағатқа созылатын The Spirit of Tengri заманауи этникалық фестивалі Алматы ақшамында сегіз мың көрермен жинай алған. Фестивальға қатысушылар әртүрлі елден келген этникалық музыканың орындаушылары болды. Олардың ішінде "Алдаспан", "Роксонаки" және "Шарапат" (Қазақстан), "Арғымақ" (Башқұртстан), Болот Байрышев және "Белуха Jam" (Алтай) тобы, Саинхо Намчылак (Тыва/Австрия), Gulzada (Қырғызстан), "Намғар" (Бурятия), Baba Zula (Түркия), The-Shin (Грузия), Yarik-Ecuador (Эквадор), Радик Тюлюш (Тыва) секілді жеке және топтық орындаушылар болды.
Айта кеткен жөн, Tengri FM радиостанциясының бастауымен ұйымдастырылған халықаралық жоба алғаш рет 2013 жылы маусым айында өткізілген болатын. Ал бір жылдан кейін фестиваль этникалық сарындағы музыка орындаушыларын тағы да бір сахнаға жинауға қол жеткізді. Ендеше аталған фестиваль жыл сайын өткізілетін үрдісті қалыптастыру үстінде. Жобаның бас серіктесі Kaspi Bank болып табылады.
Сурет: tengrinews.kz