Британ рок композиторы, әнші, суретші, жазушы Джон Леннон көзі тірі болғанда бүгін 80 жасқа толар еді. Ол The Beatles тобының негізін қалаушы және мүшесі, ХХ ғасырдың ең әйгілі сазгерлерінің бірі еді.
Музыкантшылығымен қатар Леннон саяси қайраткер еді. Өзінің көзқарастарын әндері арқылы қалың бұқараға жеткізетін. Атақты Imagine әнінде Леннонның әлемнің қалай құрылғаны туралы ойлары айтылған. Леннон адамдардың арасындағы теңдікті, бостандықты, бейбітшілікті жырлады. Бұның бәрі оны хиппилердің кумирі етуімен қатар 1960-1970 жылдардағы ең белгілі қоғам қайраткерлері қатарына қосты.
2002 жылы BBC ең ұлы британдықтар тізімін жасау үшін сауалнама жүргізді. Джон Леннон бұл тізімде тоғызыншы орынды алды.
Гитара жақсы, әрине, бірақ ол саған тамақ болмайды
Джон Леннон 1940 жылдың 9 қазанында неміс авиациясының Ливерпульге шабуылы кезінде дүниеге келді. Оның ата-аналары Джулия және Альфред Леннон нәрестелерінің туған соң ажырасып кетті.
Джулия Леннон екінші рет тұрмыс құрғанда 4 жасар Джонды балалары болмаған нағашы апасы Мими Смит пен жұбайы Джордж Смитке береді. Мими тәрбие жағынан қатал адам болып, Джонның музыкаға қызығушылығын аса құптамаған. Джон алғаш гитара үйреніп жүрген кезінде Мими үнемі: "Гитара жақсы, әрине, бірақ ол саған тамақ болмайды!" - деп отыратын болған. Кейін даңқ пен атаққа қол жеткізген Леннон тәтесіне жағалауда орналасқан зәулім сарай сыйлап, оның қабырғаларын Мими сөздері жазылған мәрмәр тақтаймен безендірген.
Джон мен әйелі Йоко
Йоконың өміріндегі екі сәтсіз неке мен сурет өнеріндегі тоқыраулар оны депрессияға ұрындырады. Ол әлемге танымал суретші болғысы келген. Бірақ авангардтық стилдегі картиналарын жұртшылық қабылдамаған. Осыдан соң өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Тіпті психиатрия клиникасында емделіп те шығады. Біраз уақыт Жапонияда тұрып, қайта келген Йоко 33 жасында сурет көрмесін өткізеді. Дәл осы көрмеге Джон келеді. Ол кезде Леннонның жасы 26-да еді. Битлз тобымен әлдеқашан әлемге танылып үлгерген. Леннонның өзі "Біз қазір Исаға қарағанда танымалдаумыз" деп айтып жүретін. Джон болашақ әйелінің көрмесінде үлкен баспалдақ салынған суретті көреді. Баспалдақтың жоғарғы бөлігінде өте кішкентай әріптермен "иә" деп жазылған болатын. Кейін осы кезді еске алған Джон: "Егер, мен жоқ деген сөзді оқысам, кетіп қалатын едім" деп айтқан екен.
1975 жылғы күзде ерлі-зайыптылардың Шон атты ұлы дүниеге келді. Бұл кезде Джон өзінің 35 жылдығын атап өтті. Сонымен бірге ол мансабын "бала тәрбиесіне көңіл бөлу" үшін аяқтайтынын мәлімдеді.
Йоко мен бірігіп жазған Леннонның келесі альбомы бес жылдан кейін ғана – 1980 жылы жарық көрді. Ол "Қос қиял" деп аталды. Осыдан соң Джон жақсы демалғанын және қайтадан музыкаға оралуға дайын екенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, бұл арманы орындалмады. Үш аптадан кейін Джонды Нью-Йорктегі өз үйінің табалдырығында Дэвид Чэпмен атты фанаты арқасынан бес рет атып өлтірді.
Марк Чепмен қылмысы үшін сотталып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр. Ол кісі өлтіру себебін Джон Леннонның өзі сияқты танымал болуға деген ұмтылыс деп түсіндірді.
Кейінгі өмір
Жұртшылық Йоко Ононы күйеуін өзінің қызметтік сатысы үшін пайдаланды деп айыптайды. Мұның себептерінің бірі Йоконың тез жаңа некеге тұруы болды. Ол Джон қайтыс болғаннан кейін алты ай өтіп антиквариат сатушысы Сэм Хавадтойға қайта тұрмысқа шықты. Йоконың өзі бұл некені ұзақ уақыт жасырды.
Аңыздардың жасы болмайды
Джон туралы аңыз әлі күнге дейін тарап жатыр. Оның 80 жасқа толуы – бұл есте сақтау және армандау үшін себеп қана. Ал бүгін Леннон әндерінің тағы бір топтамасы шығады. Ол туралы жаңа кітаптар жарық көруде.
Мұның бәрі нені білдіреді: бір кездері бүкіл әлемді әндерімен бағындыратынына толық сенімді болған Ливерпульден шыққан бала қалағанының бәріне қол жеткізді. Ол рок-н-ролл патшасы ретінде әлемге танылды. 80 жас жай сан ғана, шындығында аңыздардың жасы болмайды.