- Негізгі бет
- Музыка
- Әншілер "69-дың жігіттеріне"...
Әншілер "69-дың жігіттеріне" қарсы шықты
Қазақстандық бір топ әнші ұятсыз жарнамаға қарсы шықты. Әншілер Havas Worldwide Kazakhstan жарнама компаниясының ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының суретін әжуалап шығарғаны үшін заң жүзінде қудалап, тиісті жазасын алуын сұрап отыр.
"Студия 69" деп аталатын клубтың алдына жиналған әншілер ұятсыз жарнаманы сынап, өз пікірлерін білдірді.
Күйші-сазгердің арын төккендерге қарсы Өктем Алтаев, Сәкен Майғазиев, Мақсат Рахмет, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Ерлан Алимов сияқты әншілер жиналды. Журналистердің қойылған сауалдарына жауап берген олар бұл істі заң жүзінде құзырлы органдардың тез арада шешуін талап етіп отыр.
"Алашұлы" тобының әншісі Мақсат Рахмет бұл ақпаратты естіген соң Instagram желісіндегі парақшасында барлық әнші-орындаушыларға құлаққағыс айтып, "Студия 69" түнгі клубының алдына жиналуға шақырған.
Бойында жыныстық ауытқуы барлардың бұл әрекеті әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Десе де қазақтың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің моральдық нормаға сай емес иллюстрациясы интернет бетінде таралып кеткен.
Мұнымен қатар, әншілер Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне барып, қоғам қайраткерлері мен белсенді жастармен бірігіп арыз жазуда.
Ескерте кетейік, Red Jolbors Fest Орта Азия елдерінің арасында жарнама бойынша өткен байқауда ұятсыз суретті шығарған компания жұмысы үшінші орынды алған. Байқаудың негізгі ұйымдастырушылары – қырғыз мамандары.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: ©massaget.kz
А. Құлтай