Әнші, "Қазақстан дауысы" жобасының жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет жаңа бейнебаянын жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
"Аруларым-ай" атты әннің бейнебаяны Қытайда түсірілген. Әншінің айтуынша, түсірілім жұмыстарына үш күн жұмсалыпты. "Туындының әнін өзім жаздым. Осыған дейін этно-рок бағытында ән айтып келдім. Енді өзімді лирика бағытында да сынап көргім келеді. Бұл менің махаббат жайлы алғашқы әнім. Тыңдармандарымның көңілінен шығады деп үміттенемін", - деді әнші. Айта кетейік, бейнебаянда басты рөлді әншінің өзі сомдайды. Әнші жыл соңына дейін тағы бес бейнебаянын жарыққа шығаратынын айтты.
Шахаризат Сейдахмет "Қазақстан дауысы - 2013" жеңімпазы, ол жобадан кейін "Мақпалжанмен" тыңдармандарының жүрегіне жол таба білді. Тыңдармандары оны ұлттық нақыштағы әндерімен таниды.