- Негізгі бет
- Музыка
- Әнші Жанна Фриске...
Әнші Жанна Фриске рак дертіне шалдықты
Ресейлік поп-әнші Жанна Фриске рак дертіне шалдыққандығы жайлы хабар орындаушының ресми сайтында дүйсенбі күні жарияланды.
Өткен аптада бірқатар БАҚ өкілдері 39 жастағы әншінің ауыр дертке шалдыққандығы жайлы және шұғыл түрде Германияға емделуге аттанғаны жайлы хабар таратқан болатын. Бірақ әртістің қоғаммен байланыс директоры Аниса Ашику бұл хабарды жоққа шығарып, әншінің денсаулығы жақсы екендігін және Майамиде тұрып жатқандығын хабарлаған. Дүйсенбі күні Ашику орындаушының ресми сайтында әншінің азаматтық күйеуі Дмитрий Шепелевтің ресми хабарламасын жариялады. Қазіргі таңда жарының қасында қолдау көрсетіп жүрген тележүргізуші орын алған жағдайға түсіністікпен қарауды өтініпті.
Дмитрий Шепелев: «Ұзақ уақыт бойы тек отбасымыздың мәселесі болып келген жағдай, өкінішке орай, бірнеше күн бұрын қоғамға белгілі болды. Бұл хабарды өз мақсаттарына пайдалануды доғарса екен дейміз. Ал Жаннаның шығармашылығын құрметтейтін жанкүйерлер шындықты білгендері жөн деп ойлаймыз. Бұл біздің отбасымызға тағдырдың бір ауыр сынағы болды. Жанна рак ауруына шалдықты. Біз оның өмірі үшін ақтық деміміз қалғанша күресеміз және бір сәтке үмітімізді үзбейміз. Бізді дұға-тілектеріңізбен қолдауларыңызды сұраймыз. Көп ұзамай, жақсы жаңалықпен сіздермен қайта қауышамыз деп үміттенемін, сол себепті жақын арада осы жағдайға байланысты пікір беруден бас тартамыз. Әзірге бізге — Жаннаға қамқор болуға мұрша берулеріңізді сұраймыз. Бізге ақ тілектеріңізді аямаңыздаршы».
Жанна Фриске 1996 жылы құрылған «Блестящие» тобының құрамында ән айтуы арқылы танымалдылыққа ие болды. 2003 жылы жеке шығармашылығымен айналыса бастады. Сонымен қатар әртіс «Ночной дозор», «Дневной дозор» және «О чем говорят мужчины» фильмдеріне түскен. Былтырғы жылдың сәуір айында әнші Дмитрий Шепелевтен Платон есімді сәбиді дүниеге әкелді.
Сурет: moscow-point.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina