Түркияның Анкара қаласында «Анкара түркі дүниясы» музыкалық оркестрінің кеші өтті. Бұл туралы Мassaget.kz тілшісі хабарлайды.
Кеште түркі тілдес халықтардың әндері шырқалды. Атап айтатын болсақ, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түркіменстан, Ноғай, Ұйғыр елдерінің халық әндері айтылды. Анкара төрінде қазақ әні де әуеледі. Қазақтың халық әні «Жалған-ай» шырқалып, көпшілік ықыласына бөленді.
«Анкара түркі дүниясы» музыкалық оркестрі 2000 жылы Түркияның мәдениет және туризм министрлігі жанынан құрылған. Оркестрдің мақсаты әлемдегі түркі тілдес елдердің (Қазақстан, Әзірбайжан, Саха-Якутия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Қырым халықтары, Түркіменстан, Хакас халқы, Қарашай, Ноғай, Тува халықтары, Ұйғыр) басын қосып, халық әндерін жинақтап, көпшілікке таныстыру. Бұл оркестр түрік жұртына теледидар және БАҚ арқылы жақсы таныс. Оркестрдің өзіне тән стилі қалыптасып, бағыт-бағдары айқындалған, басты ерекшелігі – әр елдің ұлттық аспаптарын топтастыра отырып, өз тілінде ән шырқауы. Оркестрдің көркемдік жеткшісі – Саваш Демирал. Кеште оркестрдің және жеке әншілердің орындауында ән айтылып, би биленді.
Әр ұлттың әні әуелете шырқалған кешке көрермендер көп жиналды. Анкарада оқып жүрген қазақ жастары кешке арнайы келіп тамашалады. Көрермендер қатарында жергілікті тұрғындардан бөлек түркі халықтарының өкілдері, тіпті қара нәсілділер де болды. Әзірбайжанның халық әнімен басталған кеш қарашайлықтардың әнімен аяқталды. Анкара сахнасын әлдилеген әдемі кеш көпшілік көңілінен шығып, халық қуанышпен тарқасты.
Арнайы Массагет үшін Анкарадан: Шерхан Талапұлы
Сурет: Шерхан Талапұлы, "Анкара түркі дүниясы" музыкалық оркестрінің FB-дағы парақшасы