Италияның тумасы Андреа Бочелли – опера әншісі, бүкіл әлемнің жарық жұлдызы. 12 жасында қос жанарынан айырылса да, үлкен сахнаны армандауын доғармаған қиялшыл әнші әлем сахнасынан ойып тұрып орын алды.
Андреа Бочелли 1958 жылдың 22 қыркүйегінде Италияда туған. 6 жасынан бастап фортепьянода ойнаған ол глаукома деген дерт меңдеп, 27 рет ота кереуетіне жатады. Бір күні басына кенеттен доп тиіп кетіп, соның салдарынан көзі мүлдем көрмей қалған. "Көп адам көрем деп ойлайды, шын мәнінде, ештеңе көре алмайды" дейді опера саңлағы. Бочеллидің өзі болса, тыныштықты қатты жақсы көреді. Әншінің маңдайына өмірін тыныш жерде жападан жалғыз өткізу жазылмаған екен. Ол көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сахнада жарқырау үшін, әлемді әнімен тербету үшін жаралған еді.
Андреа орта мектепті бітірген соң, Пизан университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп, сабақтан кейін мейрамхана жағалап, нәпақа табу үшін түрлі аспапта өнер көрсеткен. Бірақ оған табиғат құлақ құрышын қандыратын әуезді үн берген еді. Атақты маэстро Франко Кореллиден сабақ алып, ән шырқау шеберлігін үйренген Бочелли өмірін түбегейлі өзгертетін жұлдызды сәтін күтумен болады.
1992 жылы эстрада жұлдызы Дзуккеро опера әншілері арасында байқау ұйымдастырады. Қазылар алқасының құрамында жиырмасыншы ғасырдың әйгілі тұлғаларының бірі Лучано Паваротти де бар еді. Ол сол кезде байқауға қатысуға өтініш берген Бочеллидің дауысын алғаш рет естиді. Әлбетте, шын дарынды жазбай таниды.
Осылайша Андреа Бочеллидің даңқты өнер жолы басталады. Ол – саф өнердің қандай болатынын көрсетті. Жанары көрмесе де, жүрек көзімен ән өнерін биікке көтерді.
Андреа Бочелли және поп музыка патшасы Майкл Джексон
Андреа Бочелли мен Селин Дион
Андреа Бочелли мен Дженнифер Лопес
Андреа Бочелли мен Николь Шерзингер