- Негізгі бет
- Музыка
- "Ана туралы жыр"...
"Ана туралы жыр" - анаға сағыныштан туған ән
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін ананың еселі еңбегін ешкім де ешуақытта өтеу алмасы хақ. Алайда, оның есімін ұлықтап, құрмет көрсету әрбір перзенттің парызы. Ананың орнын ешкім баса алмас. Ананың аялы алақанын ешбір дүние алмастыра алмас. Анаға қаншама ән шырқалып, жыр жазылды. Соның бірі - «Ана туралы жыр». Қазақ әнінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың бұл әнін естіген бойда кез келгеннің жүрегі елжіреп, анасына деген ыстық сағынышы басылады.
Шәмші Қалдаяқов консерваторияда оқып жүрген кезінде ауылынан анасы өмірден озыпты деген суық хабар жетеді. Қаралы хабарды естіген бойда ол оқуын тастап, ауылына асығады. Анасының мезгілсіз қазасы оның жанына қатты батады. Көзі тірі жандардың арасынан анасын іздеп, жаны жабырқайды. Келмеске кеткен аяулы анасына деген бар жылулығы мен сағынышын жеткізу мақсатымен ол ән жазады.
Ғафу Қайырбеков
Белін бекем буып, Алматыға оралған бойда ол Жазушылар Одағына барады. Ақын-жазушы замандастарына жолығып: «Ана туралы өлең жазып беріңдер, жігіттер» деп қолқа салады. Сонда оған замандастары: «Жақында Ғафудың да анасы өмірден өтіп еді. Сен одан да сол жігітке бар» деп жауап қатып, жол сілтейді.
Шәмші Қалдаяқов
Шәмші дереу ақын Ғафу Қайырбековке жолығып, әнін тыңдатады. Ғафу әнді тыңдап, біраз уақыт үнсіз отырады. Ол да анаға арнау ретінде жыр жазуды ойластырып жүрген екен. Сазгердің мұңлы сазынан кейін ол 15 минуттың ішінде «Ана туралы жыр» әнінің мәтінін жазып береді.
«Ана туралы жыр» әнін алдыңғы буыннан бастап қазіргі жас өнерпаздар орындап жүр. Әсем ән бірталай әншінің ән қоржынан орын алуда.
Ана туралы жыр
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Сөзін жазған: Ғафу Қайырбеков
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен берген құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де
Мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем кеш мені.
Сыйлар ем ай, күнін
Қолыма түспеді.
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де
Мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын
Ете гөр қанағат
Әзірге берерім
Балалық махаббат
Балалық жүрегім
Бол риза, анашым
Қолдағы осы бар
Өзіңе арнаған
Әнімді қосып ал
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де
Мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: writers.kz, azattyq.org, nappy-baby.org