"Ән салшы, Роза" әнінің шығу тарихы

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі, танымал әнші Роза Әлқожа өнерсүйер қауымға сазгерлік қырынан да кеңінен таныс. Оның жүректен шыққан әсем әндері талайдың жанына жақын келіп, көңілінің төрінен орын ала білді. Бүгінде Роза Әлқожа қырыққа жуық ән шығарған. Ал оның репертуарындағы ерекше әндердің бірі «Ән салшы, Роза» тарихы жайлы әншінің өзі былай деп сыр шертті:

«Бұл ән осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жазылған. Ол кезде мен бесік тербетіп, бала тәрбиесімен айналысып, өз шығармашылығымнан алыстап қалып жүрген едім. Көрермендердің қошеметін аңсап, сахнаны сағынып жүрдім. Сол сәттерде «Ән салшы, Роза» әнін жазып шығардым. Мен бұл әнімді Роза Рымбаеваға арнаған едім. Бала кезімнен сол кісіні пір тұтып, әнін тыңдап өстім. Есімім де Роза апайымның құрметіне қойылған. Сондықтан ол кісінің өзін де, өнерін де қатты құрметтеймін. Ән әуені дайын болды дегенде Роза Сейілхан ақын құрбыма хабарласып, сөз жазып беруін өтіндім. Әннің қалай шыққаны туралы да айттым. Роза менің ойымды бірден түсінгенімен, ән сөзін жаза алмай біраз жүрді. Кейін жазып берді. Міне, «Ән салшы, Роза» әні осылай дүниеге келді. Өткен жылдың 18 желтоқсанында шығармашылығымның 10 жылдығына орай тұңғыш жеке концертімде бұл әннің тұсауын кестім. Ән бірден кеңінен танылып, халық оны жылы қабылдады. Өкінішке орай, менің концертіме Роза апайым келе алмай қалды. Бірақ, концерттен соң, ол кісінің өзіне жолығып, әнді тыңдаттым. Роза апайым әнді ұнатып, жылы лебіздерін білдіріп жатты»


«Ән салшы, Роза» әні ешқандай мадақ та, мақтау да емес. Ол бұрынғы «Майра, Майра, қызыл тілім сайра» сияқты әндердің жалғасы іспетті. Қазақтың Роза сияқты маңдай алды әнші қыздарының шырқар әндері таусылмасын!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: alashainasy.kz және әншінің жеке мұрағатынан алынған

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/15YnJy9k0rM?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});